389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Норвегия астанасында Қазақстан күні атап өтілді

  • 696
  • UPD: 16:06, 08.12.2018

Еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан елшілігі ұйымдастырған салтанатты шараға дипломаттар, қазақ диаспора өкілдері мен Норвегияның іскер және бизнес қоғамдастық өкілдері қатысты.

Биылдың өзінде екі ел арасындағы тауар айналымы 33 млн АҚШ долларын құраған. Бүгінгі таңда Қазақстанда 35 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.

Норвегияда Қазақстанның Тәуелсіздік күні аталып өтті. Мерекелік шарада екіжақты ынтымақтастықтың нәтижесі айтылды. Осы елдегі Қазақстан ісі бойынша уақытша сенімді өкілі Ильяс Омаровтың айтуынша, сауда мен инвестиция саласында әріптестік нығайып, мәдени-гуманитарлық байланыс беки түсті. Шара кезінде халықаралық «Сән мен сахна» фестивалінің дизайнерлері қазақтың ұлттық киім үлгілерін көпшілік назарына ұсынды. Бір қызығы, қазақи ою-өрнектер мен викингтердің ұлттық киіміндегі безендірулерде ұқсастық бар. Норвегиялықтар осыған таң-тамаша болды. Сондай-ақ суретшілер одағының мүшесі Гүлмира Телғозиеваның туындылары да көпшіліктің көңілінен шықты.

Ханум Айдаш, «Сән мен сахна» халықаралық фестивалінің бас директоры:

- Сонау кен байтақ өлкенің, өркендеген еліміздің мәдениетін, оның өнерін, шебер қыздарымыздың ісмерлігін дүниеге таныту үшін Норвегия халқына, ақ сүйектеріне біздің өнерімізді таныту үшін алып келген дүниелеріміз болды. Еліміздің жан дүниесін, байтақ жерімізді, халқымыздың бай тынысын, кендігін паш етіп тұрды! Біз қуаныштымыз!  

Қазақстан мен норвегиялықтардың дінаралық келісім жөніндегі ойлары да бір жерден шығады.               

Ингрид Розендорф, Діни ұйымдармен әріптестік жөніндегі кеңес басшысы:

- Мен әлем дін басшыларының Астанадағы съезіне қатысқанмын. Айтарым, үкіметтеріңіз  бен Елбасыларыңыз дінаралық келісімді барынша насихаттап келеді. Біздің ел де осы мәселеге баса мән береді. Казақстан – көпұлтты мемлекет. Бір елде бірнеше діннің болуы азаматтық қоғамның алға жылжуына септігін тигізеді. Жаһандық деңгейде де Қазақстан дінаралық әріптестікті нығайтуға үндейді. Бұл бір құптарлық іс дер едім.                                           

Скандинав халқы Қазақстанның Ұлы Жібек жолын жаңғыртуға қатысты бастамаларына қызығушылық танытады. Әлем елдерін түрлі салада байланыстыратын бұл жобаның болашағы зор.

Кристиан Клемметсен, логистикалық компанияның коммерциялық директоры:

- Біздің контейнерлер Еуропадан Орталық Азияға тауар тасымалдайды. Қазақстан арқылы құрлықпен жүк тасуға қызығушылық танытамыз. Өйткені теңізге қарағанда тез, ал әуе тасымалына қарағанда арзанға түседі.

Ильяс Омаров, ҚР-ның Норвегиядағы уақытша сенімді өкілі:

- Қазақстан мен Норвегияның саяси, экономикалық, сауда және инвестиция саласындағы байланысы нығайып келеді. Жергілікті тұрғындар қазақ мәдениеті мен тарихына да баса назар аудара бастады. Келесі жылы көптеген норвегиялықтар қазақ жеріне барып қайтуға ниет білдіріп отыр.

Бұдан бөлек, саясаттану мамандары Қазақстанның ядролық қаруға қарсы бастамаларын жоғары бағалайды. Сол себепті де норвегиялықтар Елбасы ұсынған «Атом» жобасына қолдау білдіріп, ядролық қаруды таратпау бойынша петицияға қол қойған. 

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы