376,06 433.40 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Украинадағы қайырымдылық жәрмеңкесіне Қазақстан елшілігі қатысты

  • 207
  • UPD: 23:28, 09.12.2018

Украинада дипломатиялық миссия өкілердерінің қайырымдылық жәрмеңкесі өтіп жатыр.

Биыл 26-рет ұйымдастырылып отырған шараға Қазақстан елшілігі де қатысып, салт-дәстүрін таныстыруда. Жәрмеңкеден жиналған қаражаттың барлығы түрлі дертке шалдыққан балаларға жұмсалмақ.

Жаңа жыл алдындағы қайырымдылық жәрмеңкесін жыл сайын халықаралық әйелдер клубы өткізеді. 1992 жылы құрылған үкіметтік емес ұйымға алпысқа жуық елден 250 қыз-келіншек тіркелген. Биыл да дәстүр бұзылған жоқ, жәрмеңке кезекті рет жоғары деңгейде ұйымдастырылып, Украинада ресми тіркелген түрлі елшілік өкілдері қатысып жатыр: әсіресе Қазақстан, Польша, Германия, Америка әрі Корея мен Украина стенды көпшіліктің көңілінен шыққандай.

Нэлла Биниашвили, Киев тұрғыны:

- Сондай керемет жәрмеңке, ол қатысып жатқан мемлекеттерімен әдемі. Әр стенд жанына келіп, сол елге сапарлап қайтқандай әсерде боласың. Оңтүстік Африканың кофесін, тіпті бұғының сүтін де ішіп көрдік. Міне, Қазақстан бұрышын да тамашалауға келіп тұрмыз. Астана қандай әдемі. Қазақстанда қар барысы бар екенін де білмеппін, Қайыңды көлі қандай керемет!

Биыл қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысушы халықтың қарасы көп болды. Жәрмеңке аясында әр елшіліктің әзірлеп әкелген ұлттық тағамдары сатылып, киім түрлері таныстырылды. Қолөнер, шеберлік сабақтарынан бөлек әр халықтың ұлттық өнері көрсетілді.

Гүлнәр Тұрсынбаева, Қазақстанның Украинадағы елшілігі қызметкері:

- Жаңа жыл қарсаңында біздің елшілік 26 рет өткізіліп жатқан Charity Bazaar, яғни қайырымдылық іс-шарасына қатыстық. Бұл іс-шарада көріп отырғандарыңыздай, ұлттық тағамдардан өзге, біз бай табиғатымызды көрсететін суреттерімізді қойып, келіп жатқан адамдар сұрастырып, біздің табиғатамызды қызығушылық білдіріп жатыр.

Биылғы жәрмеңкеден жиналған қаражат қатерлі ісік институты мен жүйке, жұлын және жүрек ауруына шалдыққан балаларға жұмсалмақ. Өткен жылы мұндай іc-шара арқылы 3,5 млн грн, яғни 125 мың АҚШ доллары жиналған. «Науқас балалардың жаңа жыл алдындағы арманын орындап, көңіл күйін көтереміз», – дейді ұйымдастырушылар.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Михаил Мищенко

Хабар 24 телеарнасы