376.99 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Стокгольмде қазақтың ұлттық киімдері қойылған көрме өтті

  • 721
  • UPD: 20:34, 23.12.2018

«Көшпенділерде қонақта». Швеция астанасында осындай тақырыпта қазақтың ұлттық киімдері мен зергерлік бұйымдарының көрмесі өтті.

Бұл шара Швециядағы Қазақстан елшілігі мен қазақстандық жастар қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырылған. Ұлттық салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді паш еткен көрмені «Хабар 24» арнасының тілшілері де тамашалады.

Ою-өрнекпен, асыл тастармен көмкерілген шапандар мен бүрме көйлектер, бас киім түрлері. Стокгольм тұрғындарына бір апта бойы дәл осы қазақтың ұлттық киімдері көрсетілді. Мұндай киім үлгілерінің жиынтығы сол елдегі қазақ диаспорасы мен студенттердің арқасында жиналды. Көрмені Швециядағы қазақстандық жастар бірлестігі ұйымдастырған. Шара аясында күн сайын келушілерге көшпенділер мен олардың өмір салты жайында швед және ағылшын тілдерінде мәліметтер айтылып, түрлі тақырыпта баяндамалар жасалды. Негізгі мақсат - Швеция халқына Қазақстанның бай мәдениетін таныстыру.

Айдана Бекбергенова, Швециядағы қазақстандық жастар қауымдастығының төрайымы:

- Көрмеге келушілерден біздің елімізге деген аса қызғушылық бар екенін байқадық. Әрине, біз оған қуандық. Тіпті олар Қазақстанға келіп, көзбен көріп, туристік орындарды аралауға дайын екендіктерін де айтып жатыр. Біз көшпенділердің өмірін шынайы көрсетуге барынша жағдай жасадық.

Қонақтар көрмеге қойылған киіз үйді қызыға тамашалады. Сонымен қатар оларды күміс зергерлік бұйымдардың жасалуы да таңқалдырды. Дәмі тіл үйіретін бауырсақ та қатты ұнаған. Қазақ халқының қонақжайлылығана тәнті болған швециялықтар енді Ұлы дала еліне баруға ниет білдіріп отыр.

Луве, қала тұрғыны:

Мен өз басым көшпенділердің бұрын қалай өмір сүргені туралы әңгімені аса мұқият тыңдадым. Маған бәрі таңсық. Көптеген танымдық ақпарат алдым. Бірінші кезекте қазақтардың өте қонақжай екендігін байқадым. Маған ұлттық нақыштағы киімдері қатты ұнады. Түсі-ою өрнектері тіптен керемет. Картиналарды да асықпай көріп шықтым. Мен Қазақстанда болғам. Сіздердің елдің табиғаты тамаша, көрікті жерлер өте көп. Мен соны өз көзіммен көргенімді мақтан тұтамын.

Шведтер - әлемдегі ең көп саяхаттайтын халықтың бірі. Ұйымдастырушылар енді олар туристік бағыттарын Қазақстанға қарай бұрады деген сенімде.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы