378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Астана Опера» театрының өнерпаздары Валенсияны бағындырды

  • 396
  • UPD: 14:16, 30.12.2018
«Астана Опера» театрының өнерпаздары Валенсияны бағындырды

Испаниядағы танымал шаһарлардың бірі Валенсияда «Астана Опера» театры балет труппасының орындауындағы «Аққу көлі» балетіне билет түгел сатылған.

Испан жұртшылығы астаналық театрдың өнер көрсетуі айналасында айрықша қызығушылықтарын танытып, бір дүрлікті. Әртістердің бұл жерде өз өнерлерін алғаш рет ұсынуларына қарамастан, оларды көшелерде танып, «Астана Опера» деген атауды қуанышпен қабылдап жатты, себебі испандықтар қазақстандық театрдың онлайн-көрсетілімдері мен елордалық труппа туралы жиі жазатын әлемдік мәдениет жаңалықтарын қалт жібермейді.

Испанияға гримерлер, костюмерлер мен сахна машинистерін қоса 100 адамнан астам әртістер құрамы келді. Валенсияға труппа аты әлемге әйгілі опера әншісі Пласидо Домингоның шақыртуымен барды. П.Чайковскийдің балетіне арналған сән-салтанаты жарасқан декорациялар София Патшайымның өнер сарайы сахнасының (Валенсия) ажарын айшықтай түсті. Театр жаңа, ол 2005 жылы ашылды. 1400 орындық зал әлемдік балет классикасы жауһарын көруге асыққан көрермендерге әп-сәтте лық толды.

«Аққу көлі» алғаш рет шамамен бір жарым ғасыр бұрын қойылған болатын. Одан бері дуаланған ару-аққу Одетта мен Зигфридтің махаббат хикаясы, ең алдымен, керемет музыкасымен, сондай-ақ көпшілік ойын-сауықтығы әрі жеке партиялардың шеберлікпен орындалуымен театрқұмар қауым назарын өзіне аударып келеді. Зұлым сиқырдың күшімен құсқа айналған ару туралы сюжет фольклорлық ертегі әлемінде кең тараған. Чайковский балетінде Зигфрид ханзада Одеттаның құтқарушысы, алайда оның байқаусыз жасаған опасыздығы қасіретті күнәға айналады.

Спектакльдегі басты партияларды орындағандар: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева (Одетта-Одиллия), халықаралық байқаулардың лауреаты Олжас Тарланов (Зигфрид ханзада), Серік Нақыспеков (Шут) және Жәнібек Иманқұлов (Ротбарт).

Хабар 24 телеарнасы