389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан биыл мәдени салада қандай жетістіктерге жетті?

  • 1111
  • UPD: 08:06, 31.12.2018

Биыл елімізде алғаш рет Ұлттық домбыра күні аталып өтті.

Домбыра күнінің мерекеге айналуы, көнеден келе жатқан асыл қазынамызға, ұлттық мұрамызға көрсетілген құрмет әрі лайықты баға деп білеміз. Жалпы 2018 жыл қазақ мәдениеті үшін жеңістер мен жетістіктерге толы кезең болды. Халқымыздың өнерпаздары әлемдік деңгейдегі шараларда топ жарып, ел мәртебесін асқақтатты.

Арқа төсіндегі сәні мен салтанаты жарасқан Астана биыл 20 жылдық мерейтойын атап өтті. Төрткүл дүниені түгел тамсандырған бас шаһарымыздың туған күні жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мәдениет және спорт министрлігі 100-ден аса іс-шара өткізіп, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлады.

Ғани Мұратов, ҚР МСМ музыка өнері басқармасының басшысы:

– Ең айтарлықтай оқиғалардың бірі «Войцов Астана» тұңғыш халықаралық фестивалі өткізілді. Бұл фестиваль аясында тұңғыш рет Астана туралы әндердің конкурсы және Б.Шүкенов пен Б.Серкебаевқа арналған шығармашылық кештер өткізілген болатын. Бұдан басқа, ағылшын композиторы Карл Дженкенстің Шайн Астана мерекелік одасы тұсаукесері болды. Бұл оданы орындау үшін мыңнан астам музыкант жиналған болатын.

5 жылдық тарихы бар «Астана Опера» театры – қазақ мәдениетін барша әлемге танытып жүрген өнерпаздардың ордасы. Биыл театр репертуары опера және балет өнерінің әлемдік жауһарларымен толықты. Атап айтатын болсақ, Жорж Бизенің «Кармен» операсы, Адольф Аданның «Корсар» балеті, Джакомо Пуччинидің «Турандот» операсы мен Раймондо Ребек және Ксения Звереваның «Заманауи хореография кеші» көрермен қауымның ерекше ілтипатына бөленді. Сонымен қатар, елордалық ұжым шетелдіктерге қазақтың мәдениетін таныту жолында айтарлықтай үлес қосты.

Ғани Мұратов, ҚР МСМ музыка өнері басқармасының басшысы:

– «Астана Опера» театры Италия, Испания және Ресей мемлекеттеріне ұлттық композиторлардың ұлттық туындыларды шетелдік азаматтарға көрсетті. Негізгі мақсат – Қазақстанның ұлттық мәдениетін шетелдерде таныстыру болып табылады. Сонымен қатар атап өтетін шара – Абай театрының Грузияға барған іс-сапары. Бұл сапар аясында тұңғыш рет Грузия халқына «Абай» операсы қойылған болатын.

Биылғы жылдың мәдени жетістіктерін атаған кезде, барша халықтың есіне Димаш түсетіні анық. Қытайдың «Singer 2017» ән байқауында жүлделі орынды иеленген жерлесіміз 2018 жылы да халықаралық деңгейдегі шаралардың басында жүрді. Сочиде өткен «Новая волна» додасында өнер көрсеткен Димаштың бейнежазбасы «Россия 1» арнасының ютуб каналында 2 млн-нан астам көрсетілім жинаған болатын.

Сонымен қатар биыл күміс көмей Димаш Құдайберген Лондонда алғаш рет жеке концертін өткізді. Ұлыбритания астанасына әншінің өнеріне тәнті 50-ге жуық елден тыңдарман келген. Ал 3 мың адамдық залда ине шаншар орын қалмаған. Димаштың ізін басып, еліміздің музыка өнерін халықаралық сахнада танытып жүрген дарын иелерінің бірі – алматылық әнші қыз Данэлия Тулешова. Украинада өткен «Голос» байқауының жеңімпазы биыл Минскіде «Балалар Евровидениесі» байқауында сынға түсті.

Халықаралық додада Данэлия Тулешова «Өзіңе сен» әнін орындап, онлайн дауыс беруде үздік үштіктен көрінді. Ал жалпы ұпай саны бойынша 6-орынды иеленді. Өнерпазға Ақпараттық қолдауды «Хабар» Агенттігі көрсетті. Осымен 16 мәрте ұйымдастырылған дәстүрлі  балалар ән байқауына әлемнің 20 елінен ең талантты үміткерлер қатысқан болатын.

Бұдан бөлек, қазақстандық актриса Самал Еслямова Канн кинофестивалінде үздік актриса атанды. Ол ресейлік режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмінде басты рөлді сомдаған. Осылайша, қазақтың қарапайым қызы әлем назарын өзіне аудартып, отандық кинематография саласында елеулі орын алды. Алдағы уақытта бұл бағыт та қарқынды дами түспек. Келесі жылы «Кинематография туралы» заң жобасы қабылданса, ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар биыл алғаш рет Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі ұйымдастырылды. Ал Нью-Йоркта Қастеев мұражайы да өз көрмесін ашқан болатын. Әрине, бұл мәдениет саласындағы жетістіктердің бір парасы ғана. Себебі бұл бағыт күн сайын жаңа жобалармен толығып, заман ағымына сай алға басуда. Келесі жылы ауқымды бастамалар жүзеге асып, халықаралық аренадағы жеңістер қатары артатынына үміт бар.

Авторлары: Айнұр Ақылбайқызы, Ғани Алшынбаев

Хабар 24 телеарнасы