377,95 433.40 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

2018 жыл қандай маңызды оқиғалармен есте қалды?

  • 440
  • UPD: 13:54, 31.12.2018

2018 жылы өнер мен мәдениет саласы қандай жетістіктерімен есте қалды? Қандай маңызды оқиғалар болды?

Ит жылын қорытындылайтын болсақ, мәдениет саласында да бірқатар айтулы оқиға болды. Жарқ еткен ерекше жаңалықтарға тоқталар болсақ, жыл басында күллі әлемге қазақтың атын шығарып, өнер майталмандарын мойындатқан оқиға Димаш Құдайбергеннің өнерін айтуға болады. Қытай еліндегі «Мен әншімін» байқауында жарқырап көрінген әнші сонау Америка, Лондон, Франция елдерін тамсандырып, тіпті тәккапар Ресей шоу бизнесінің де ортасын жарып шықты. Бұл – бүкіл қазақ мақтанатын, Димаштың жұлдызы жанған сәт.

Тағы бір өсіп келе жатқан өнерлі әнші Данэлия Тулешованың Балалар Евровидениесіне қатысуы да айтулы оқиға болды. Қазақстанның атынан тұңғыш рет бұл халықаралық додаға қатысқан Данэлия әлемнің 20 мемлекетінен келген жас әншілердің арасында 6-орынды иеленді.

Сондай-ақ 2018 жылы жерлесіміз Самал Еслямова халықаралық 71-Канн кинофестивалінде «Үздік әйел бейнесі» аталымы бойынша жеңімпаз болып, марапатталды. Бұл да – қазақстандық өнер иесінің үлкен жетістігі. Осы кино саласы туралы тағы бір ауыз толтырып айта кететін жаңалық, алғаш елімізде «Кино туралы» заң қабылданды.

Гүлзат Көбек, кинотанушы:

– Қазақ киносының тарихында тұңғыш рет кино туралы заң қабылданды. Бұл әлемдік тәжірибеде болуға, ерте ме, кеш пе қабылдануға тиісті шешім болатын. Бірақ көптеген елдің тәжірибесінде бар. Кейбір заңдар іс жүзінде нәтижелер бермеуі де мүмкін. Біз оған дайын болу керекпіз деп есептеймін. Бірақ қандай болған жағдайда да заңның болғандығы қажет. 

Елбасының «Балашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағыттық бағдарламасының аясында отандық кинода тарихи туындылар көптеп түсіріліп жатыр. Салмақты ой салып, ертеңгі ұрпаққа аманат болатын картиналар қатарында  «Көшбасшы», «Қазақ хандығы. Алтын тақ» және өткен ғасырда қазақ өнерін Еуропаға танытып, асқақтатқан әнші «Әміре» туралы фильмді атап өтуге болады. 

Гүлзат Көбек, кинотанушы:

– Тарихи фильмдердің мақсатты түрде жолға қойылып жатқандығы көңіл қуантады. Елбасының ғұмырнамасына арналған бірнеше картина әлі де жалғасын тауып жатыр. Жақында ғана арнайы премьерасы өтті.

Ит жылының тағы бір маңызды оқиғасы қазан айында «Астана Опера» сахнасында «Севильский цирюльник» операсының премьерасы өтті. Бұл мәдениет әлемінде көптен күткен аса маңызды оқиға болды. Шетелден ең үздік әртістер келіп, қазақстандық көрермендерді тәнті етті. Итальяндық Федерико Буттаццо, Арменияның танымал әртісі Барсег Туманян және өзге де сахна майталмандары отандық көрерменнің қошеметіне бөленді.

Авторлары: Индира Оразалинова Эдуард Кон, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы