377,95 433.40 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ресей колледжінде кәсіби домбырашыларды даярлайтын бөлім ашылды

  • 198
  • UPD: 22:24, 02.01.2019

Ресейдің Астрахань облысында қазақтың қара домбырасына деген қызығушылық артып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

140 мыңнан астам қандасымыз тұратын өңірде түрлі мәдени шаралар қазақтың күй аспабынсыз өтпейді. Сол себепті кәсіби домбырашыларды даярлау қажеттілігі туындаған. Осыған орай Астрахань мәдениет және өнер колледжі жанынан домбыра бөлімі ашылды. Мұнда қандастарымыз ғана емес, ноғай, татар, құмық, қалмақ секілді ұлттардың ұландары да қазақтың қасиетті аспабын меңгеріп жатыр. Колледж жанынан құрылған ұлт аспаптар ансамблі Ресейді аралап, гастрольдік сапарларға да шығып тұрады.

Жас өнерпаз Райымбек Елешев домбыраны бала жастан жанына серік еткен. Он тоғыз перне, екі ішектен тұрғанымен күй аспабын меңгеру, оның тілін тауып сөйлету оңай емес. Сол себепті талапты жас өзге құрбыларымен бірге домбыра бөлімінде шеберлігін шыңдап жүр.

Райымбек Елешев, Астрахан мәдениет және өнер колледжі домбыра бөлімінің студенті:

Менің атам домбырашы. Әкем де домбырада ойнайды. Кішкене күнімнен домбыра үні маған таныс. Ең үлкен арманым - мұғалім болып балаларға үйрету.

Колледж жанындағы домбыра бөлімінде 22 жас тәлім алып жатыр. Олардың арасында қалмақ, құмық, ноғай мен татар секілді ұлттардың да ұландары бар. Осы өңірдегі қандастарымыз күй атасы Құрманғазы бабаларының шығармаларымен сусындап өсіп келеді.

Қайрат Амандықов, Астрахан мәдениет және өнер колледжінің оқытушысы:

- Жастар арасында домбыраға қызығушылық енді өте жоғары. Жыл сайын алты-жеті адамнан түседі.

Астрахань облысындағы қазақтар өздерінің тарихи отанымен байланысын үзген емес. Төрт ғасырдан астам уақыт қатар қонып, жапсарлас жайлап келе жатқан екі ел шекараны шартты ұғым деп түсінеді. Мұндағы екі отбасының бірінің Атырауда туыстары тұрады. Болмаса, еліміздің өзге өңірлерімен іскерлік байланыстары бар. Содан болар, Қазақстанда қолға алып жатқан әрбір игі бастаманы қалт етпей қадағалап отырады. Айтқандай, мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да көршілес Астраханьда жалғасын тауып отыр. Өткен жылы колледж жанындағы «Шалқыма» ұлт аспаптар ансамблі көптеген қалаларды аралап, домбырадан әуелете күй төкті.

Жүздеген ұлттың ұланын өнермен сусындатып келе жатқан колледж Кремль ауласында орналасқан. Ол тегіннен-тегін емес. Себебі, көне Астраханьда бүгінде 140 мыңнан астам қандасымыз тұрады. Демек, көне шаһардың кіндігінде домбыра үні әрқашан асқақтай бермек.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы