376.99 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Қазақ әдебиеті» газетіне – 85 жыл

  • 1140
  • UPD: 23:02, 11.01.2019

Биыл «Қазақ әдебиеті» газетіне – 85 жыл. Сексеннің сеңгіріне шыққан ата басылым қазақ руханиятының алтын діңгегіне айналып үлгерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басылымның алғашқы редакторы Ғабит Мүсірепов болса, ақылдастар алқасында Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров сияқты ұлт қайраткерлері қызмет атқарған. Ал қазір ол өз таралымын 10 мыңнан асырып, заманға сай жаңа сипатта жарық көріп жатыр.

Газеттің алғашқы саны 1934 жылдың 10 қаңтарында шыққан екен. Маңдайшасына «Қазақ әдебиеті» ұлт мәдениетін көтеруде үлкен орын алсын!» деп жазылған басылым Совет жазушылары қазақстандық комитетінің тілі ретінде жарық көрді. Бір ерекшелігі – газет партиялық, яки, идеологиялық атаулардан ада болып, сол кездің өзінде ұлт мәселесін көтеріп жүрді. Әсіресе, Нарымбетовтың «Ана тілін ардақтайық» Қаратаевтың «Қайта қарауды қажет ететін мәселе», тарих институты қызметкерлерінің «Тіл мәдениеті» атты атышулы мақалалары бірінен соң бірі жарық көріп, сол кездегі қазақ қоғамын дүр сілкіндірген еді.

Жүсіпбек Қорғасбек, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы (1999-2002 жж):

- Елдің рухани әлеуетінің дамуына зор үлес қосып, ақын-жазушылардың шығармаларын үздіксіз насихаттап келе жатқан ата басылым қай кезеңде де өз бағытынан жаңылған емес. Тіпті халық жазушысы Шерхан Мұртаза басқарған шақта қазақ журналистикасына «Шерханның шекпенінен шыққан» дейтін тың толқынды алып келді. Тәуелсіздік алғаннан кейін де басылым алған бетінен таймай, ел мүддесіне аянбай еңбектеніп келеді.

Нұртөре Жүсіп, «Айқын» газетінің бас редакторы:

- Соның ішінде Оралхан Бөкей басқарған тұста осы газетте өте үлкен мәселелер көтерілді. Соның бірі елордасын Астанаға ауыстыру болатын. Сондықтан бұл басылым тек қана әдебиеттің проблемаларын, болмаса жанайқайын жеткізуші жария ғана емес, қазақ мәдениеті мен тарихын да үлкен орны бар, саяси салмағы бар, айтар уәжі бар үлкен ата басылым.

Бүгінде «Қазақ әдебиеті» газеті заманға сай жаңа сипатта жарық көріп жатыр. Осыдан 85 жыл бұрын оның таралымы 1 мың мен 3 мың аралығында болса, қазір 10 мыңнан асып жығылады. Онда жас қаламгерлердің шығармаларынан бөлек, шетел әдебиеті де кеңінен насихатталып, әлем классикалары қазақ тілінде жарық көріп жүр.

Авторлары: Аслан Қаженов, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы