376.99 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астанада «Құрманғазы» қойылымы қойылады

  • 476
  • UPD: 17:54, 14.01.2019
Астанада «Құрманғазы» қойылымы қойылады

Мемлекеттік академиялық филармония Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбанованың «Құрманғазы» атты концерттік операсын қояды, деп хабарлайды Елорда Инфо Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Либреттоның авторы – Хамит Ерғалиев. Премьера «Астана» концерт залында өтеді.

Қазақ саз әлемінің сардары Ахмет Жұбанов – Құрманғазы Сағырбайұлының күйлерін оркестрге түсіріп орындатқан алғашқы композитор. Ол 1935 жылы күйшінің туған өлкесіне барып, оны көрген, бірге болған және күйлерін үйренген адамдармен сөйлесіп, көптеген деректерді жазып алды. 1951 жылдан бастап Ахмет Жұбанов Құрманғазы туралы мұрағат деректерін жинауға кірісті. Қазақстандағы мұрағаттардан, Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларындағы көпшілік кітапханалардан Құрманғазы туралы деректерді тауып, олардың бірқатарын баспасөз беттеріне жариялайды. Кейін «Құрманғазы» жайында еңбек жазды. Оның көп жылғы ізденісі, толғанысы «Құрманғазы» операсын тудыруына да жол ашты. Бүгінде аталмыш ауқымды дүние өнердің заңғарына айналып отыр. Бұл өміршең шығармада күйші Құрманғазының ауыр тағдыры, өмір белестері, шығармашылық жолы суреттеледі.

«Құрманғазы» концерттік операсында орындайтын партиялар: Құрманғазы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов, Әуес – Шахризада Тыныштық, Наталия – Гүлнұр Жақсылықова, Алқа – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина, Перовский – Алтынбек Әбілдә, Ақбай – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайыржан Бердібай.

Сонымен қатар атылмыш өнер туындысына Камералық хор (көркемдік жетекшісі Гүлмира Құттыбадамова), Симфониялық оркестр (Бас дирижері Ернар Нұртазин), Эстрадалық би ансамблі (көркемдік жетекшісі Лаура Мұқаева) қатысады.

Режиссері – Асхат Қошаев.

Хабар 24 телеарнасы