379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақ әдебиетінің антологиясын аударуға үздік мамандар тартылды

  • 425
  • UPD: 22:40, 14.01.2019

БҰҰ-ның 6 тіліне аударылатын қазақ әдебиетінің антологиясы әлемнің 70 мемлекетіне таратылады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Демек осы тілдерде сөйлейтін 2 жарым млрд оқырман біздің төл әдебиетіміздің жауһарларымен сусындай алады.   

Жинаққа поэзия мен проза жанрында қалам тербеген 60 автордың еңбектері енеді. Бүгін олардың шығармаларын аударатын мамандар Астанаға арнайы келді. Ақын-жазушылармен жүздесіп, емен-жарқын әңгіме қозғады. Айта кетерлігі, антология әрбір тілде кемінде 10 мың данамен жарық көреді.

Бүгінде қазақ әдебиеті антологиясын ағылшын, француз, орыс және испан тілдерінде жолма-жол аудару жұмысы аяқталды. Қазір қытайша мен арабшаға тәржімаланып жатыр. Ендігі мақсат – шұрайлы тіліміздің шырайын бұзбай, еңбекті сапалы аудару. Әрине, біздің бай тілімізді тәржімалау оңай шаруа емес.  

Александра Шевелева, испан тіліне аударатын маман:

- Кейде жарты сағаттың ішінде 12 өлең жолын қаз-қалпында түсінікті етіп аударасың. Ал кейбір шығармаларды тәржімалау үшін 3 сағат уақытың кетеді. Тіпті, кей сөздердің баламасын ұйықтап жатып еске түсіріп, тез арада қағазға түртіп аламын. Себебі, қазақ тіліндегі кейбір ұғымдар испан аудиториясына түсініксіз.

Оқырманға төл әдебиетімізді ұғынықты етіп жеткізетін маман таңдау оңайға соқпады. Бұл іске жауапты ұлттық аударма бюросы талай жылғы тәжірибесі бар білікті тәржімашылармен және баспалармен келісім жасасты.

Рауан Кенжеханұлы, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры:

- Осы 6 үлкен тілдегі оқырманға біздің әдебиетті жеткізе алатын,  аударманы мейлінше сапалы орындай алатын осындай әріптестер іріктеліп, солармен келісімге келген борлатынбыз. Қазіргі уақытта сол әріптестеріміз алғашқы мәтіндерін дайындап, авторларымен кездесіп алдарынан өтпекші.  

Иә, келісіп пішкен тоң келте болмайды. Сондықтан мұндай кездесулер ертең бармақ тістеп қалмас үшін қажет. Бастысы, бұл еңбектер кітапханаларға тегін таратылады. Мәселен, ағылшынтілді оқырманға антологияны Кембридж университетінің баспасы жеткізуге жауапты. Мекеменің негізі сонау 1534 жылы қаланған. Содан бері шығармаларды аударып және басып шығару ісімен айналысып келеді.

Джейн Манн, CAMBRIDGE UNIVERSITY PRESS баспасының департамент директоры:

- Кэмбридж Қазақстанмен талай жылдан бері әріптестік орнатып келеді. Біз өз оқырмандарымыз арасында сауалнама жүргіздік. Оның нәтижесінде бұрын-соңды қазақ әдебиеті қазіргідей қолжетімді болмағандығын аңғардық. Ал енді біз сіздердің әдебиеттеріңіз арқылы мәдениеттеріңізбен кеңірек танысып, салт-дәстүрлеріңізді біліп жатырмыз. Оқырмандарымыздың көбісі осында келіп, бауырсақтан дәм татып, домбыраның үнін естіп, атпен серуендегісі келеді.

Ал жинақты қытай тіліне аударып, таратумен сондағы «Ұлттар баспасы» айналысады. Жолма-жол аударылған туындынының үстінен қарап, түзейтін көркемдік жетекшісі жазушы – қандасымыз Ақпар Мәжит. Ол кезінде «Қытай жазушылары» журналының бас редакторы қызметін атқарған.

Ақпар Мәжит, жазушы, ҚХР мемлекеттік саяси кеңесінің мүшесі:

- Мәдениеттің нақты дәні – әдебиет. Көркемөнер, музыка деген сияқты. Сондықтан Қазақстан жағынан бұл жоба көтеріліп отыр. Бірлескен елдердің 6 тіліне осы Қазақстан жазушыларының шығармаларын таныстырсақ дейміз. Қазақстан мәдениетін әлемге таныту керек қой. Астана мен Алматыда мақтанып жүре бермей.

Иә, «Жаһандану дәуірінде ұлттық болмысын сақтамаған ел өзін-өзі тіпті ұлттық менін жоғалтады». Ақын Ұлықбек Есдәулеттің осы бір сөзі бүгінгі күннің шындығы. Сондықтан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлт мақтаныштарының еңбегін аударып, өзгеге ұқтыру, сол арқылы қазақты әлемге таныту құптарлық іс. Әрине, аударылатын шығармалар қатаң іріктеуден өтті. Антологияға Ақжайықтың ақ шағаласы Ақұштап Бақтыгерееваның да шығармалары енген.

Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Біздің қаламгерлер әлемнің ешбір әдебиетшілерінен кем емес. Артық жерлері де бар. Өйткені біз олар үшін ашылмаған жұмбақпыз. Біздің даланың әлі де айтары да көп, тарихы да көп. Кеш те болса жасалып жатқан аударма ісіне өз басым қуанышпен келіп отырмын.

Игі бастама былтырдан бері қолға алынған. Алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Айдос Меделбек

Хабар 24 телеарнасы