375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астанада әлемге танымал операның премьерасы өтеді

  • 460
  • UPD: 20:18, 19.01.2019

Астанада «Евгений Онегин» операсының премьерасы өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Жетекші режиссерлердің жаңа көзқарасымен спектакль жаңа деңгейде көрсетіледі», – дейді ұйымдастырушылар.

Тылсым табиғат көріністері мен жануарлар. Айналмалы сахна мен лед экрандар. «Евгений Онегин» операсының премьерасында көрерменді талай қызық күтіп тұр. Дайындық қызу жүріп жатыр. Онегиннің рөлін Сүндет Байғожин мен Талғат Мұсабаев сомдайды. Ал Татьянаның партиясын Галина Чеплакова мен Айгүл Ниязова орындайды.

Айгүл Ниязова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Татьяна партиясын орындаушы:

– Мен бұл кейіпкердің бейнесін сомдауға үлкен жауапкершілікпен қараймын. Себебі Татьяна Ларина – Чайковскийдің операсындағы басты кейіпкер. Сюжеттің негізгі идеясы мен күрделілігі осы ғажайып нәзік қыздың образында беріледі. Сондықтан әнші ретінде, әртіс ретінде режиссердің қойған талаптарын орындап, көрерменге оның ішкі жан дүниесіндегі сезімдерін жеткізу өте маңызды.

Спектакльге театрдың хор, балет ұжымы мен оркестр, бір сөзбен айтқанда шығармашылық труппаның барлық қызметкерлері қатысады.

Бағдат Әбілханов, Астана опера және балет театрының симфониялық оркестрінің солисі:

– Мен бұл операны атақты Йосиф Гварнеридің 1685 жылы жасалған скрипкасымен орындаймын. Сіздер Гварнерий, Стадивари, Амати сынды шеберлер туралы естіген боларсыздар. Бұл аспап мен үшін өте қымбат. Біздің басты миссиямыз – музыканы жақсы орындап, сапалы қойылым арқылы көрерменнің көңілінен шығу.

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

– Пушкиннің дәуірінде қыз-келіншектер осындай киім үлгісімен жүрген. Менің үстімдегі көйлек хор әртістері үшін тігілген. Оған 12 метр мата жұмсалған. Жалпы қойылымға 250-ге жуық костюм тігіледі.

Әртістердің костюмдері ХІХ ғасырдағы орыс шаруалары мен ақсүйектерінің бейнесі негізінде жасалған. Кейіпкерлердің киімдері театр цехында тігілген. Олардың түрі мен түсі басты рөлдегілердің жасына сай өзгеріп отырады.

Софья Тасмағанбетова, костюмдер бойынша суретші:

– Костюмдерді толық тапсырмас бұрын, әртістер оларды дайындыққа киіп шығу керектігін ескерсек, шамамен 90 пайызға дайын деуге келеді. Материалдарды Мәскеуден алдырдық. Көйлектердің етегі ұзын, жеңі үлкен болғандықтан, мата көп кетті. Әсіресе тафта матасын қолдандық.

Премьераға Қазақстан, Италия және Беларусьтің үздік режиссерлары мен хореографтары қатысады. Қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев. Қойылым тобының құрамында италиялық режиссер Давиде Ливермор да бар. «Евгений Онегин» операсы ақпанның 8 мен 9 күндері Астана опера және балет театрында сахналанады.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ержан Рахманбердиев

Хабар 24 телеарнасы