Warning
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 111
378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ясауитану бағытында қандай істер атқарылып жатыр?

  • 265
  • UPD: 18:12, 21.01.2019
Ясауитану бағытында қандай істер атқарылып жатыр?

«Қожа Ахмет Ясауи өзінің хикметтері арқылы түркі тілінің сақталып қалуына үлкен үлес қосты.

Исі мұсылман әлеміне әйгілі кемеңгер, ойшыл сонысымен тұтас түркі жұртына қадірлі», - дейді Ясауидің еңбектерін зерттеп жүрген ғалымдар. Әзірет сұлтан кім болған? Оның «Диуани хикмет» шығармасының мәні неде? Бүгінгі күні Ясауитану бағытында қандай істер атқарылып жатыр?

Ұлы Тұран даласына Ислам дінін насихаттап, таралуына тер төккен ғұламалар көп. Бірақ Түркі халықтары үшін Қожа Ахмет Ясауидің орны бөлек, мәртебесі жоғары. Ясауитанушы ғалымдардың айтуынша, оның бір ғана себебі бар. Әзірет сұлтан Ислам ілімі мен Құран сөзін Орта Азияға ең алғаш болып, түркі тілінде уағыздаған бірден бір тұлға. Ол заманда араб тілін көп адам біле бермегендіктен, Қожа Ахмет Ясауидің түркі тіліндегі уағыздары халыққа түсінікті болған.

Марат Тұяқбаев, археолог, тарихшы:

- Бұрын мысалы Құран оқығанда тілді білетін санаулы ғана адам түсінетін болса, енді барлық халық түсінетін болды. Түркі тілінде сөйлейтін адамдардың барлығы «е-е, мына туралы айтып жатыр екен ғой» деп артынан ерген-дағы, шәкірттері ең көп софылар және ең көп жерге жайылған. 50 қалауат қараған. Түркістан бір қалауат болса, Отырар бір қалауат, Сайрам бір қалауат болып кете береді. 50 қалауатта бұл кісінің шәкірттері жұмыс істеген. Бұның бізге ең маңыздысы - хикметтері арқылы түркі тілін сақтап қалуға үлес қосты.

Ғұлама ғалымның мыңдаған шәкірті Азия, Еуропа, Үндістанға дейін барып, Ясауи ілімін таратқан. Софылық әдебиеттің ірі өкілі өзінің атақты «Диуани хикмет» кітабын да түркі тілінде жазған. Тұтас түркі жұрты тәу етіп, бүгінге дейін құрандай құрмет көрсетіп келе жатқан бұл шығарманың мәні неде?

Нұрболат Ахметжанов, «Әзірет сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры:

- «Диуани хикметтегі» даналық сөздерінде не жазылған? «Онда не ой бар дегенде» мен айтар едім ол - тура жол, тура жолға түсу. Тазалық, жалпы өмір сүрудің қағидалары. Мынау осы дүниеде іс-әрекеттеріңе басқа дүниеге барғанда жауап сұралынады. Осы жөніндегі даналық сөздері дер едім.

Мамандардың айтуынша, Ясауидің бізге жеткен хикметтерінің саны 100-ден асады. Бірақ ғалымдар зерттеп-зерделеген тек өзіне тиесілі 70 хикметі бар. Басқалары зерттелу үстінде. Оларды шәкірттері жазуы да мүмкін деген болжамдар айтылады. Ал бүгінде Ясауи хикметтері орыс, қазақ, түрік тілдеріне аударылған. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған міндеттерге сай латын қарпімен де басып шығарылған. Жыл сайын «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен оқушылар арасында халықаралық «Ясауитану» байқауы және халықаралық ғылыми конференция өтіп тұрады. Былтыр Астанада Ясауи хикметтері тұңғыш рет музыка арқылы орындалды. Биыл осы жобаны бүкіл түркі халықтарына көрсету жоспарланып отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы