375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысындағы Баянауыл ауданы зерттеу орталығына айналды

  • 324
  • UPD: 14:07, 22.01.2019

Археолог-ғалымдары Баянауыл өңірінде жүргізген зерттеу жұмыстары нәтижелі.

«Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы шеңберінде атқарылған шаралар «Тамыры терең туған жер» көрмесінде түйінделді. Талай тау тұлғаны тудырған өлкеде биылғы жылы қазба жұмыстары жалғасын таппақ. Осылайша тылсым табиғатымен таңқалдырған өңір зерттеу орталығына айналды.

Алтынбек Құрманов – еліміздің үздік экскурсия жүргізушісі. Былтыр осындай құрметті атаққа ие болған. Баянауыл өлкесінің тумасы кіндік қаны тамған жерінің әр сайы мен қырқасы, тауы мен көлінің тарихын біледі. Саналы ғұмырын өлке тарихын зерттеуге арнаған азамат археолог-ғалымдардың серігіне айналған.

Алтынбек Құрманов, өлкетанушы:

- Торайғыр көлі жағасында сақ-сармат қорғандары қазылып, Кемпіртас төңірегінде көне қола дәуірін қамтитын дүниелер мен құнды жәдігерлер табылып, ел игілігіне айналатын көріністер бар. Қоңыр әулие төңірегінде, келіп-кетуші халыққа жағдай жасалып жатыр. Жолдарымыз жөнделіп, бүгінгі күн халыққа тиімді болып отырғанын көріп отырмыз.

Археология, музыка және өнер. Бүгінгі таңда Ертіс өңірінде тарихи-мәдени мұраны зерттеу шаралары қолға алынған. Олардың басым бөлігі қасиетті Баянауыл жерінде жүзеге асырылмақ.

Айта кетейік, қазіргі таңда Баянауыл ауданында бес бірдей ескерткіш Қазақстанның қасиетті жерлер картасына енгізілген.

Бүгінгі таңда Павлодар облысында 70-тен астам ескерткіш бар. Киелі мекендердің қатары тағы бір қасиетті жермен толықты. Ол – Баянауыл ауданының Ақкелін шатқалындағы Мұса Шормановтың кесенесі. Мұса Шорманов – Қаныш Сәтбаев бастаған ғалымдар шоғырын қалыптастырған тұлға ретінде танымал, ағартушы-этнограф. Сонымен қатар туристер үшін арнайы карта әзірленіп, 30-ға жуық ескерткіштің басына тас қойылды.

Алтынбек Нұхұлы, қоғам қайраткері:

- Мәшһүр Жүсіп Көпеев бабамыздан бастап аралайтын жер көп. Қоңыр әулие болсын, Сұлтанмахмұт Торайғыров болсын немесе Кемпір тасты айтамыз. Жаңадан ашылып жатқан қаншама үлкен кесенелер, әулие-әмбелер, абыздар, өнер қайраткерлерінің туған жерлері мен жерленген жерлерін көрсету мақсатымыз. Үлкен карта өмірге келді, туристер келетін болса.

Осы жылы зерттеуші-ғалымдар Қазақ хандығы мен Алтын орданың дамыған сауда-экономикалық орталығы болған Әулиекөл жерінен көне артефактілерді тапты. Көне мазарлардың орындары да бар. 500 жылдық тарихы бар жәдігерлер қазақ даласындағы өркениеттің болғанын айғақтайды. Кешенді зерттеу жұмыстары биыл да жүргізілмек.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы