378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астаналық цирк эквилибристері Монте-Карлода арнайы сыйлықтың иегері атанды

  • 262
  • UPD: 17:12, 29.01.2019
Астаналық цирк эквилибристері Монте-Карлода арнайы сыйлықтың иегері атанды

Ёка Конурбаева мен Назерке Мерекеқызы «Сигвейдегі эквилибр» атты ерекше номерлерін көпшілік назарына ұсынды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Мәдениет және спорт басқармасының хабарлауынша, астаналық цирк эквилибристтері Монте-Карлода Халықаралық цирк өнері фестивалінде арнайы сыйлықтың иегері атанды. Варшавалық және якутиялық цирк майталмандары астаналық цирк артистерінің шеберлігіне ерекше тәнті болды. Астаналық цирк артистерінің аталмыш шараға биыл алғаш рет қатысып отырғандарын айта кеткеніміз жөн.

Халықаралық фестивальге шақыру Ёки Конурбаева мен Назерке Мерекеқызына елорданың 20 жылдығы аясында былтыр шілде айында Астанада өткен «Азия жаңғырығы» жыл сайынғы цирк өнері фестивалінде табысталды.

«Азия жаңғырығы» фестивалі қазылар алқасының құрамында болған Еуропалық цирк қауымдастығының президенті, Монте-Карло цирк фестивалінің вице-президенті Урс Пилс эквилибристер жұбының өнерін жоғары бағалап, оларды әлемдегі цирк өнері саласындағы ауқымды шараға қатысуға шақырды.

Айта кетейік, Астанада өткен фестивальдің қорытындысы бойынша «Сигвейдегі эквилибр» номері 3-орын алды. Монте-Карлодағы 43-ші Халықаралық цирк өнері фестивалі қаңтардың 17-27-сі аралығында өтті. Осы жылы акробатика, сайқымазақтар, эквилибристика, сиқырлық және аң үйрету сынды түрлі жанрларда әлемнің 15 мемлекетінің жас әртістері цирк күмбезінің астында өнер көрсетті.

Хабар 24 телеарнасы