378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақ жылқышыларының әдет-ғұрыптары ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасы деп танылды

  • 666
  • UPD: 18:06, 29.01.2019
Қазақ жылқышыларының әдет-ғұрыптары ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасы деп танылды Twitter

«Қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптары» ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы деп танылды.

ЮНЕСКО қазақтың «бие байлау», «айғыр қосу» және «қымыз мұрындық» жоралғыларын адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы деп таныды. Бұл жоралғылар адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне 2018 жылғы 26 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Маврикий астанасы Порт-Луи қаласында  өткен Материалдық емес мәдени мұраны (МЕММ) қорғау жөніндегі Үкіметаралық комитеттің 13-ші сессиясында «Қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптары» деген атпен енгізілді.

Атап өту керек, Қазақстан ЮНЕСКО-ның осындай сессиясына тұңғыш рет толыққанды мүше ретінде қатысып қайтты. Отандық делегацияның құрамында ЮНЕСКО және ИСЕСКО жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі, МЕМ сарапшысы, Қызылорда облысының әкімдік өкілдері және «Ұлытау» қорық-мұражайының (Қарағанды облысы) директоры Бақтияр Қожахметов те болды. Сессия аталған жоралғыларды адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасына қосу жолында аянбай тер төккен және жоғарыда аталған номинацияның авторы, «Ұлытау» қорық-мұражайының ғылыми қызметкері Елена Хорошты бір минуттық үнсіздікпен еске алумен басталды. Елена Хорош бұдан бұрынырақ Дүниежүзілік мұра тізіміне Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен Тамғалы петроглифтерін қосуға белсенді атсалысқан еді.

Бақтияр Қожахметов «Ұлытау» ұлттық қорық-мұражайының директоры: «Бие байлау», «айғыр қосу» және «қымыз мұрындық» жоралғылары тұтас Қазақстанда тек Терісаққан ауылында сақталған. «Ұлытау» қорық-мұражайы бұл жоралғыларды көздің қарашығындай сақтау ісіне 2011 жылдан кірісті. 2012 жылы аталған жоралғыларды «Терісаққан көктемі» фестиваліне айналдырдық. 2014 жылы сондай фестивалімізге Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жөніндегі ұлттық комитет мүшелері Эмма Усманова мен Елена Хорош келіп көрді және оны ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасына қосуға болады деген ой айтып кетті. 2015 жылы ЮНЕСКО жөніндегі ұлттық комитет төрағасы Ханзада Есенова бір топ комитет мүшелерімен келіп қатысты. Артынша Қазақстанның ұлттық материалдық емес ескерткіштері тізіміне енгізілді. Сонымен қатар, осы жылдары «Терісаққан көктемі» этнофестивалі туралы 20 минуттық ағылшын тілінде деректі фильм түсірілді. Оны Оңтүстік Кореядағы ЮНЕСКО өкілідігі тапсырысымен «Қазақфильм» киностудиясы түсірген болатын.

«Қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі мерекелік жоралғылары» атпен ЮНЕСКО-ның ресми сайтында жарияланды. Фильм «Терісаққан көктемі» этнофестивалі негізінде түсірілген. Былтыр наурызда Қазақстан Республикасының атынан Сыртқы істер министрлігі аталған жоралғыларды ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес ескерткіштерінің репрезентативтік тізіміне «Қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптары» деген атпен арнайы аталым етіп енгізуді ұсынды. Былтыр бұл фестиваль Терісаққан ауыл шеңберінен шығып «Көкмайса» деген атпен Ұлытауда өткізілді.

Фестивльдің ауқымы жылдан-жылға кеңейіп келеді әрі шетелдік туристердің де қызығушылығын байқап жүрміз. Бірер күн бұрын біздің ұсыныс ЮНЕСКО тарапынан қолдау тауып, адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енгізіп келдік. Біріншіден, бұл – көп жылғы еңбектің көптен күткен жемісі. Сондықтан осы жолда аянбай еңбек еткендердің бәріне алғысымды білдіремін. Екіншіден, ЮНЕСКО арнайы тізімі осы жоралғыларға жоғары мәртебе беріп қоймайды, сонымен қатар, оны халықаралық қорғауға алып отыр. Яғни бұл жоралғылар көздің қарашығындай сақталып, кейінгі ұрпаққа мұра болып қалады деген сөз. Бұл біз үшін өте маңызды. Яғни бұдан былай осы жоралғыларды тек Терісаақандықтарға, иә болмаса, Ұлытау мен қарағандылықтарға емес, тұтас елге, түркі әлеміне, жалпы түбі көшпелілер мәдениетіне қатысты халықтарға насихаттау жауапкершілігі жүктелді деген сөз. Енді оны көшпенді мәдениетке қатысы бар бауырлас елдерге кеңінен таратуды жоспарлап отырмыз».

Сонымен бірге биыл Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасымен түрлі-түсті фотоальбом басылып шықты.

Ақпарат көзі: ҚР МСМ баспасөз қызметі

Хабар 24 телеарнасы