378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістанда 16-17 ғасырларға тиесілі үйлердің орны табылды

  • 380
  • UPD: 14:00, 30.01.2019

Түркістандағы Күлтөбе қалашығының маңайынан 16-17 ғасырлардағы үйлердің орны табылды.

Сонымен қатар үйді тіреуге арналған тас бағаналар мен тандыр дәліз және есік орындары анықталды.

Жандос Жұмабек, тілші:

– Жалпы Түркістан өңірі, оның ішінде Күлтөбе қалашығының маңайы тұнған тарих деуге болады. Күлтөбе қалашығы Түркістанның ең көне бөлігі саналады. Мәдениет және спорт министрлігінің Түркістан қаласындағы орта ғасырға жататын тарихи-мәдени мұраларын қалпына келтіріп, оларды танымал туристік орталыққа айналдыруға арналған жобасы аясында ағымдағы жылдың 17 қаңтарынан бастап Күлтөбе қалашығының солтүстік бөлігінде археологиялық қазба жұмыстары басталған болатын. Қазба және анықтау жұмыстарымен министрлікке қарасты Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты айналысуда.

Мұнда қазба жұмыстары басталған аз уақыттың ішінде көне ғасырлардың сырын ашатын құнды дүниелер анықтала бастады.

Мұндағы қазба жұмыстары барысында археологтар 19 ғасырға тән Қоқан үйінің қалдықтарын анықтапты. Одан 70 сантиметрдей төмен түскенде 16-17 ғасырға тән қазақ үйінің орнын тауып отыр. Мұнда күлі де сол қалпында сақталған тандыр пісіретін пеш, дәліз және есік орны бар. Сонымен қатар үйді тіреп тұруға арналған тас бағаналардың беті ашылып келеді. Түрлі ғасырға тән құмыра сынықтары да көптеп шығып жатыр.

Қазіргі таңда мұнда 80-ге жуық археолог қазба жұмыстарына қатысуда. Алдағы уақытта жұмысшылар санын 300-ге жеткізу жоспарланып отыр. «Үкімет тарапынан осы жұмыстарға ерекше көңіл бөлініп отырғандығы қуантады», – дейді ғалымдар. Зерттеу және зерделеуге арналған ауқымды жоба Күлтөбенің өзі мен айналасын қамтиды. Қазір ескерткіштер аумағы үйінді топырақтан тазартылып жатыр. Айта кетсек, Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрген кезеңнің рухын асқақтату мақсатында қолға алынған Түркістан қаласындағы Күлтөбе археологиясы және қосымша нысандар жұмысы 3 жылға жоспарланған.

Хабар 24 телеарнасы