378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Күлтөбеде 80-ге жуық археолог қазба жұмыстарымен айналысуда

  • 415
  • UPD: 15:18, 31.01.2019

Түркістандағы Күлтөбе қалашығының маңайынан 16-17 ғасырларда салынған үйлердің орны табылды, деп жазады «Хабар 24» тілшісі.

Сонымен қатар үйді тіреуге арналған тас бағаналар мен тандыр пештің, дәліз бен есік орындары анықталды. Қазір онда 80-ге жуық археолог қазба жұмыстарымен айналысып жатыр.

Жалпы, Түркістан өңірі, оның ішінде Күлтөбе қалашығының маңайы тұнған тарих деуге болады. Күлтөбе қалашығы Түркістанның ең көне бөлігі саналады. Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Түркістандағы ортағасырлық тарихи-мәдени мұраларды қалпына келтіріп, оларды танымал туристік орталыққа айналдыру мақсатында қаңтардың 17-сінен бастап Күлтөбе қалашығының солтүстік бөлігінде археологиялық қазба жұмыстары басталды. Оған жас археологтар да атсалысып жатыр.

Асылхан Кәрім, «Әзірет сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің маманы:

- Қазба жұмыстарына тікелей атсалысудамыз. Талантты жастардың көрінуіне, тың жаңалықтар ашуына үлкен мүмкіндіктер болып жатыр. Осы жерден табылған жәдігерлер мақалалар мен басқа да жобаларға мол септігін тигізеді деп ойлаймын.

Қазба және анықтау жұмыстарымен министрлікке қарасты Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты айналысуда. Қазір мұнда қазба жұмыстары басталған аз уақыттың ішінде көне ғасырлардан сыр шертетін, сол дәуірлердегі халықтың тұрмыс-тіршілігінен хабар беретін құнды дүниелер анықтала бастады.

Серік Ақылбек, археологиялық топтың жетекшісі:

- Ерекше бір зат бар ол – баланың ойыншығы. Ысқырық түріндегі керамикадан жасалған. Ондай ойыншық басқа да жерлерде табылған. Бұл жерде сериялы түрде бірнеше ойыншық табылды. Оның қасынан сол керамиканы күйдіретін ошақтың да қалдықтары табылды.

Қазба жұмыстары барысында археологтар ХІХ ғасырға тән Қоқан және Қазақ хандығы тұсындағы қазақ үйлерінің орнын тапты. Мұнда күліне дейін сол қалпында сақталған тандыр пештің және дәліз бен есіктің табылды. Сонымен қатар үйді тіреп тұруға арналған тас бағаналардың беті ашылып келеді. Түрлі ғасырға тән құмыра сынықтары да көптеп шығып жатыр. Қазіргі таңда мұнда 80-ге жуық археолог қазба жұмыстарына қатысуда. Алдағы уақытта жұмысшылар санын 300-ге жеткізу жоспарланып отыр.

Нұрболат Ахметжанов, «Әзірет сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры:

- Әлі археологиялық зерттеу жүргізілмеген жерлер көп. Сондықтан Күлтөбенің қасында археологиялық қазба жұмыстары басталып кетті. Осыдан кейін музей аумағындағы Хан мешіті, Хан ордасы, ескі тарихи жолдарды жандандыратын болады. Соған да археологтар келіп өз күштерін салатын болады.

Зерттеу және зерделеуге арналған ауқымды жоба Күлтөбенің өзі мен айналасын қамтиды. Қазір ескерткіштер аумағы үйінді топырақтан тазартылып жатыр. Қожа Ахмет Яссауи өмір сүрген кезеңнің рухын асқақтату мақсатында қолға алынған Күлтөбе археологиясы және қосымша нысандар жұмысы 3 жылға жоспарланған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы