389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облыстық тарихи өлкетану мұражайы жаңа мұрағаттармен толықты

  • 876
  • UPD: 09:51, 01.02.2019
Атырау облыстық тарихи өлкетану мұражайы жаңа мұрағаттармен толықты

Археологтар былтыр жазда Қызылқоға ауданы аумағындағы «Миялы қорғаны» кешенінен жүзге тарта құнды жәдігерлер тапқан болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар бұл дүниелердің тарихын біздің дәуірімізге дейінгі IV-III ғасырда Хазар теңізін мекендеген сарматтар дәуірімен байланыстырып отыр.

Арыстанбек Кенже, «Хабар 24» арнасының тілшісі:

- Қанатты пырақ бейнеленген алтын сырға, күміспен күптелген кісе, темірден соғылған ат ауыздықтары. Бұлар Қызылқоға ауданындағы ірілі-ұсақты 16 обаға жасалған зерттеудің алғашқы жемісі. Ғылым үшін қоладан құйылған мына қазанның да айтары аз емес секілді.

Айдос Кәрім, археологиялық ғылыми-зерттеу бөлімінің маманы:

- Бұл қазанның ерекшелігі - тұтқаларында аңның суреті бейнеленген. Соның ішінде киік бейнеленген. Біздің жерімізде киік-ақбөкендер жиі кезедседі. Демек, бұл осы аймақта құйылып жасалды деуге негіз бар.

«Миялы қорғаны» кешенінен барлығы 87 бұйым табылды. Мыңдаған жыл бойы топырақтың астында жатқан тарих жауһарлары түрлі өзгерістерге ұшыраған. «Оларды осы қалпында музей көрмесіне қою мүмкін емес», - дейді мамандар.

Бақтыгүл Хасанова, ғылыми қор бөлімінің меңгерушісі:

- Жәдігерлер қалпына келтіру үшін Алматы қаласына жіберіледі. Келгеннен кейін олар музей экспозициясынан орын алатын болады.

Ғалымдар бұл жәдігерлерді көне Темір дәуіріне жатқызып отыр. Қалай дегенмен де, бұйымдар Каспий маңын мекендеген тайпалардың дамыған қолөнері мен, озық өркениетінің айғағы екені даусыз.

Бүгінде ғалымдар үшін қоладан, темірден, тіпті алтыннан жасалған бұйымдар жаңалық болудан қалды. Бұл жолғы археологтардың назарын аударып отырғаны мына қорамса болып отыр. Қорамсаның ерекшілігі сонда, әдетте бұрын көшпенділер қорамсаны мал терісінен дайындайтын. Бұл жолғы жәдігер қайыңның қабығынан жасалған.

Атырау облысында археологиялық қазба жұмыстары биыл да жалғасады. Еліміз бойынша үшінші «Алтын адам» табылған «Аралтөбе», алтын әшекейлі әйел мүрдесі шыққан «Қорғанша» қаласының да талай сырды ішіне бүгіп жатқаны анық. Сондықтан ықылым замандарда сарматтар мен сақтардың Отаны болған өңір ғалымдардың назарын аударары анық.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы