378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмоладағы киелі жерлерге онлайн саяхат жасауға болады

  • 293
  • UPD: 23:27, 01.02.2019

Ақмолалықтар «Smart-Рухани жаңғыру Ақмола» мобильді қосымшасының игілігін көріп отыр, деп жазады «Хабар 24» тілшісі.

Былтыр күзде ғана қолданысқа енгізілген бағдарламаны қазір мыңдаған адам пайдаланады.

Жаңашылдыққа жаны құмар жастардың бірі Гүлнұр Тоқтарбаева «Smart-Рухани жаңғыру Ақмола» қосымшасы арқылы аймақтың киелі жерлеріне онлайн саяхат жасауға болады, – дейді. Оны әсіресе 360 градустық бейнежазбалар қызықтырған.

Гүлнұр Тоқтарбаева, студент:

- Өзім бір ай болды қолданып жүргеніме. Бөлімдер арқылы панорамалық бейнелер қарауға болады. Бесбақырдың мазарын жан-жақты қарай аламыз.

Қазір бұл қосымшада 10 шақты бөлім бар. Олардың ішінен республикалық киелі жерлер картасына енген Абылайхан алаңы, Кенесары үңгірі сынды облыстағы тарихи орындарды көруге болады.

Алексей Николаев, IT маман:

- Жалпы, жоба бірнеше бөліктен тұрады. Бұл – веб-сайт, интерактивті карта және бейнероликтер бағаны. Қосымшаны құрастыру барысында ең қиыны, аудан, ауылдарға барып, киелі орындардың нақты орналасқан жерін анықтап, енгізу болды.

Алдағы уақытта қосымша жаңа бөлімдермен толықпақ. Айталық, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» бағыты бойынша ауылына демеушілік көмек жасаған мектеп түлектері жайлы ақпарат жайғастырылады. Ал оған дейін жобаның танымалдылығын арттыру қажет.

Мерген Тоқсанбай, «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің жетекшісі:

- Иә, бұны техникалық жағынан кішкене дамытулар, өзгертулер жасап жатырмыз. Неғұрлым жеңіл, неғұрлым көп адамға ыңғайлы қылатындай. Смарт жүктеп алған кісілердің пікірлерін тыңдап. Солармен санасып. Жоқ дегенде ақпанда бұл жаңаша түрленіп шығатын болады.

Айта кету керек, аталған мобильді қосымша үш тілде жұмыс істейді. «Сондықтан оның аймаққа келген туристерге де жол көрсетуге жарары анық», – дейді мамандар.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы