389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Ұлы даланың жеті қыры»: Алтын адам

  • 9154
  • UPD: 23:25, 01.02.2019

Алтын адам – қазақ тарихының феномені, деп жазады «Хабар 24» тілшісі.

Есік қорғанынан табылған мұра ел тарихына теңдессіз үлес қосты. Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында осы Алтын адам феноменін ерекше айтып, тарихи маңызын терең зерттеуді тапсырған еді.

Тарихшылар Алтын адам жас көсем әскербасы болған деген дерек келтіреді. Тағы бір мәліметте сақ көсемінің ұлы дейді. Қалай десек те шындық тарих қойнауында қалғаны рас. Бірақ баға жетпес бұл құндылық сақ дәуірінің өзінде ақ қолөнердің жоғары дәлелі. Ал жауынгердің киімі мен қару-жарағының еш бүлінбей біздің дәуірімізге дейін сақталуы сол замандағы шеберлердің металды жетік меңгергенін сөзсіз айғақтайды.

«Алтын адам» түп-тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашты. Жауынгердің жанынан табылған күміс кеселердің бірінде ойып жазылған таңбалар бар. Бұл – Орталық Азия аумағынан бұрын-соңды табылған жазу атаулының ішіндегі ең көнесі.

Ұлан Үмітқали, тарих ғылымдарының докторы, доцент:

- Б.д.д. 9 ғасырдан 3 ғасырға дейін, яғни 7-8 ғасырдың көлемінде өте алтынға бай тайпалық бірлестіктердің одағы өмір сүре отырып, ата-бабаларын алтынмен жерлейтін болған. Сондықтан бай мәдени мұра қалдырған. Біз осыларды тереңдете зерттей отырып, солардың жасау өнерінен, ат әбзелдерінен, ою-өрнектерінен, дүниетанымынан зерттеу жасай отырып, біздің ата-бабамыз екенін дәлелдейміз.

Алтын адам дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті. Біріншіден, сол дәуірдегі қолөнердің дамығанын көрдік. Екіншіден, қойнауы қазынаға бай еліміздің металы сол кездің өзінде сұранысқа ие болғанын дәлелдеп отыр.

Ұлан Үмітқали, тарих ғылымдарының докторы, доцент:

- Сол дәуірлердің өзінде Месопотамия, Оңтүстік Иран жерлеріне біздің жердің металы тараған. Оны біз қазір 2,3 ай бұрын ғана Англияның университетінде лабораториялық зерттеу жүргізіп, байланыс жасадық. Сол кезде Қазақстан жерінің металы алыс-жақын жерге тарағанын дәлелдейі.

Есік қорғанынан табылған Алтын адам тарихымыздың түп-тамыры сақтардан бастау алатынын дәлелдеді. Ұлттық тарихымызды жаңғыртумызға негіз болды. Осы мақсатта «Алтын адамның әлемдегі мұражайларға шеруі» атты жоба қолға алынды. Мақсат – шетелдік көрерменді ерте темір дәуірінің Еуразия Ұлы дала белдеуінің мәдени мұрасымен таныстыру. Қытай, Корея, Әзербайжан, Польша, Ресей елінде өткен халықаралық көрмені 200 мың адам тамашалаған. 

Назерке Жақсылықова, ҚР Ұлттық музейінің экскурсия бөлімінің қызметкері:

- Жыл сайын Алтын адамды көру үшін 300 мыңдай адам келеді. Алтын залға деген сұраныс өте жоғары. Қазақстандықтардан бөлек, басқа шетел азаматтары қызығушылық танытады.

Алтын адамды әлемге таныту жобасы әлі де жалғасады. 2020 жылы мұндай көрмені АҚШ, Италия, Австрия, Франция және Германия мұражайларында өткізу жоспарланып отыр.

Авторы: Әсел Тұмашқызы

Хабар 24 телеарнасы