378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Хабар» телеарнасы «Жалғыз жауқазын» телехикаясын ұсынады

  • 610
  • UPD: 14:27, 08.02.2019
«Хабар» телеарнасы «Жалғыз жауқазын» телехикаясын ұсынады

11 ақпаннан бастап «Хабар» телеарнасында «Жалғыз жауқазын» телехикаясы көрерменге жол тартады.

12 бөлімді картина дүйсенбі-бейсенбі күндері сағат 21.30-да көрсетіледі.

««Хабар» телеарнасы жыл сайын көрермендерін түрлі жанрдағы отандық телехикаялармен қуантып келеді. Жыл басынан бері «Келінжан» атты жаңа туынды көпшілік назарына ұсынылды. Көрермен фильмді жақсы қабылдап, оң бағасын беріп те үлгерді. 11 ақпанда енді «Жалғыз жауқазын» драмасы эфирге шығады. Бұл өмір жолындағы қиындықтарға қарамастан күресе білуді үйрететін отбасылық картина. Сондықтан халықтың көңілінен шығады деген үміттеміз», - дейді «Хабар» телеарнасының Бағдарламалар директоры Айкүміс Сексенбаева.

Оқиға желісі бойынша дәулетті отбасының жалғыз мұрагері Айсұлу есімді бойжеткен өзінің тойы қарсаңында ата-анасының қазасына сүйген жігіті кінәлі екенін естиді. Әрсеннің көздеген басты мақсаты - байлық екенін кеш ұққан жетім қыз не істерін білмей, тойы алдында АХАЖ бөлімінен қашып шығады. Алғаш кездескен көлікке отырып, басы ауған жаққа кетеді. Алайда, жүргізушінің арам пиғылынан сезіктенген Айсұлу жапа шегіп қала жаздап, одан да сытылып, қала сыртында адасып қалады. Тағдырының аяқ асты күл-талқаны шығып, айдалада жылап келе жатқан қыз ағаш арасынан кішкентай нәрестенің жылаған дауысын естиді. Тауып алған сәбиге Санжар деп ат қойып, анасы туып өскен ауылға бет бұрады. Алайда мұнымен тағдырдың Айсұлуға дайындаған сынақтары бітпейді.

«Фильмнің «Жалғыз жауқазын» деп аталуы бекер емес. Бұл бүкіл туыстан, дүниеден айрылып, жалқыз қалған қыздың тағдырын суреттейтін туынды» - дейді картина продюсері Ақылбек Досжанов.

Фильмдегі басты рөлді «Гламур для дур», «Той любой ценой» картиналарында ойнаған Ақбота Сейітмағанбет сомдайды. Сонымен қатар Ақберен Жұмабаев, Дәурен Айдарқұлов, Серікбай Ахметұлы, Бақытжан Әлпейісов, Сәкен Рақышев, Ақзер Сегізбаева және т.б. актерлерді көресіздер.

Шытырман оқиғаға толы картинаның режиссері - Төребек Бейсебаев.

Сонымен қатар көктемгі маусымда көрерменнің сүйікті комедиясына айналған - «Өз үйім» фильмі жалғасады. Бұл жолы Жұлдызбаевтардың қасына Танымаловтар отбасы көшіп келеді. Екі шаңырақ арасында бәсекелестік пайда болып, күн сайын сан алуан қызықтар болып отырады. Сондай-ақ 70-жылдарда өмір сүрген қазақ интелегенциясы мен жазушылары туралы «Қаламгер» картинасы да қалың бұқараға жол тартады. Шынайы оқиғаға негізделген туындыға олардың өмірі мен шығармашылығы, ұлы шығармалардың қалай дүниеге келгендігі арқау болады.

Хабар 24 телеарнасы