384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


М.Мақатаевтың туған күнін қарасаздықтар айрықша атап өтті

  • 2127
  • UPD: 21:53, 09.02.2019

Бүгін – қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күні, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алматы облысының Райымбек ауданына қарасты Қарасаз ауылында осы айтулы күнге орай әдеби-сазды кеш өтті.

Жергілікті өнерпаздар ақынның «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан театрландырылған көрініс қойып, көрерменді ән мен жырға бөледі.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

– Шыңы шашақты найзадан көкке шаншылған Хан Тәңірінің баурайында дүниеге келіп, қазақ поэзиясының найзағай ақыны атанған ақжауын жырдың ақтаңгері Мұқағали Мақатаевтың 88 жылдығын қарасаздықтар биыл да айрықша атап өтті. Қарасаз, қара шалғын өлеңде өсіп, қазақтың күпі киген қара өлеңін, шекпен жауып, өзіне қайтарған ақиық ақынның еліне келіп, жерін көрудің өзі бір бақыт.

Қарасаздағы Мұқағали ескерткішіне гүл шоғын қойып, ақынның әдеби-мемориалды музейінде болды. Бұл елдің қаршадай баласы мен қарапайым тұрғындарына дейін ақын аталарының өлеңдерін жатқа оқиды.

Өзі айтқандай, сәл ғана мызғып алды да, мәңгілікке сапар шегіп кете барды. Өйткені, Мұқағали Мақатаев бес күндік мынау фәни жалғанда қаламақы алып, атағын шығару үшін жыр жазбады. Өлең үшін өмір сүрді. Соның арқасында поэзия патшасы атанды.

Аманхан Әлім, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері:

– Алдымызда үлкен мереке – Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы келе жатыр. Ұлы ақынның өмірін еске алып, оны халыққа паш ету – жергілікті елдің, сол ақын шыққан елдің міндеті. Ал жалпыхалықтық, жалпыұлттық деңгейде өткізу мемлекетіміздің еншісінде. Сондықтан қазіргі бастамасы өте жақсы.

Қарасаз ауылдық мәдениет үйінде өткен әдеби-сазды кеш те көпшіліктің көңілінен шықты. «Аққулар ұйықтағанда» поэмасының желісі бойынша сахналанған театрландырылған қойылым көрерменді бей-жай қалдырмады. Тіпті, кейбірінің көңілі босап, көздеріне жас үйірілді.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

– Ақынның құнарлы жырларын өзі туып-өскен қасиетті Қарасазда оқып, тыңдау өлеңсүйер қауымға ерекше әсер етеді екен. Арқаң қозып, төбе құйқаңа дейін шымырлап, адам айтып жеткізгісіз әсерге бөленесің. Өйткені бұл – өнер. Өнер болғанда да Хан Тәңірінің мұзбалағы Мұқағалидай сөз зергерінен қалған ұлы өнер.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы