378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда тарихи-мәдени мұраларды қорғау күшейеді

  • 280
  • UPD: 23:30, 13.02.2019

Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени мұра нысандарының саны 25 мыңнан асады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Оның 11 мыңға жуығына тарих және мәдениет ескерткіштері мәртебесі берілген. Сонымен қатар «Киелі Қазақстан» бағдарламасы аясында жалпыұлттық маңыздағы 185, жергілікті маңыздағы 456 киелі нысанның тізімі қалыптасты. Бұл атқарылған жұмыс. Бірақ кенжелеп қалған тұстар да жетерлік. Сондықтан жауапты ведомство 1992 жылы қабылданған заңды жаңартпақ.

Елімізде жаңадан анықталған археологиялық нысандарды бірден тарихи мәдени мұра тізіміне қосу тәжірибесі тоқтауы мүмкін. Яғни енді жаңа жәдігер табылса, ол үш жыл, арнайы жағдайда бес жыл есепке алу тізіміне енгізіліп, зерделенеді. Содан кейін барып ескерткіштер тізіміне қосылады немесе шығарылады.

Сонымен қатар жаңа заң жобасында олардың шекарасын бекітуді жергілікті атқарушы органдарға беру қарастырылған. Дегенмен депутаттар жергілікті жерде археолог мамандардың жетіспейтінін алға тартты

Жексенбай Дүйсебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ескерткіштердің қайсысы қай санатқа жататынын қандай механизм шешеді. Бұл – бірінші мәселе. Екінші мәселе, жергілікті жерлерде ескерткіштердің тізімін бекіту жергілікті атқарушы органға берілген. Бірақ кейбір елді мекендерде арнайы маман жетіспеген жағдайда, бұл мәселе қалай шешіледі.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Екінші сұрағыңыздан бастасақ. Әрине, қазіргі уақытта мамандардың жетіспеушілігі өте үлкен мәселе. Дегенмен осы заң қабылданатын болса, мамандықтардың керектілігі бәрімізге айқын болады. Қазіргі уақытта археология саласында оқып жатқан көптеген жастарға жұмыстың жоқтығынан факультеттер жабылып жатыр. Заңды енгізген уақытта жергілікті атқару органдарына бұл мамандар керек болады.

Заң жобасында елімізде алғаш рет тарих және мәдениет ескерткіштерінде жүргізілетін ғылыми-реставрациялау тарихи-мәдени сараптама жүргізу институтын енгізу жоспарланған. Себебі бізде бұл салада жүйесіздік бар. Ескерткішті қалыпқа келтіру жұмыстарына рұқсатты кез келген тәжірибесіз мамандар ала алады. Бұл нысанның тарихи келбетін бұзады. Сонымен қатар соңғы уақытта көмбе іздеушілер саны көбейіп, археологиялық нысандарды тонау деректері артқан.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Тарихтан белгілі, біздің қорғандарымыз ресми түрде тоналды. Шынын айтқанда, қазір де бұл жағдайды толық бақылауға ала алмай отырмыз. Өткені археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге рұқсат беру талаптары өте оңай. Оның үстіне бізде қазба табылғаны бақыланбайды. Сондықтан табылған жәдігерлердің қайда қалай кетіп жатқанын білмей қаламыз. Заң жобасы осы олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған.

Жалпы, тарихи-мәдени мұра – ұлттың рухани байлығы, елдің әлеуметтік экономикалық капиталы. Бұған дәлел бүгінде дамыған елдер ежелгі ескерткіштерін сақтау арқылы әлемдік деңгейге танытуда және сол арқылы туристерді тартып отыр. Ал мәселенің маңыздылығын түсінген мәжілісмендер саланы жүйлеуге арналған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Ғани Алшынбаев

Хабар 24 телеарнасы