378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Бекзат» телехикаясы түсіріліп жатыр

  • 386
  • UPD: 23:30, 13.02.2019

Сидней олимпиадасының чемпионы марқұм Бекзат Саттарханов туралы көркем туынды жақында жарыққа шығады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

6 сериялы телехикаяда аққан жұлдыздай жарқ етіп, аз ғана ғұмыр кешкен спортшының өмірі мен спорттағы жетістігі суреттеледі. Елімізге танымал режиссер Мұрат Бидосов бұл кинотуындыны биыл көктемде көрермен назарына ұсынғалы отыр.

Тау алыстаған сайын биіктей түседі. Бокстан Олимпиада ойындарында олжа салған тұңғыш қазақ Бекзат Саттарханов есімі де уақыт өткен сайын асқақтай бермек. Қысқа ғана ғұмырында халқының мерейін үстем етіп, туын биіктен желбіреткен батыр ұлдың ерлігін кейінгі жастар үлгі тұту керек. Басты рөл Бекзатты жас актер Самат Әзімқұлов ойнайды.

Самат Әзімқұлов, актер:

- Бұл бір адамның өмірі, бір адамның тағдыры. Жалпы, осы фильм арқылы Бекзат ағамызды қайта тірілтіп, артымыздан өсіп келе жатқан жастардың спортқа деген, боксқа деген құлшынысын арттырсақ және жүректеріне кішкене де болсын бір патриоттық сезім ұялатсақ, онда ол біздің арманымыздың орындалғаны деп білемін. 

Телехикаяда оқиға желісі шынайы өмірден алынған. Кейіпкерлердің барлығы спортта белгілі тұлғалар. Мәселен, сол кездегі АІВА-ның вице-президенті Бекет Махмудов, ұлттық құраманың бас бапкері Тұрсынғали Еділов және белгілі спортшылар, Сидней олимпиадасының тағы бір чемпионы Ермахан Ибрайымов, күміс жүлдегер Мұхтархан Ділдәбек.

Мұрат Бидосов, режиссер:

- Бұл бүкіл өмірі емес, өміріндегі бір кезең. Боксқа қалай келді, өмірінде қандай қызық оқиғалар болды. Бұл жобадағы ең бастысы – Сиднейдегі оқиға.

Жобаның мақсаты – Олимпиада ойындарында ел намысын қорғап, көк туымызды көкке көтерген спортшының еңбегін көрсету. Жастардың спортқа деген құлшынысын арттыру.

Авторлары: Жандос Айтбай, Аршын Кемелжан, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы