378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Торғай өңірінен табылған тарихи жәдігерлер жергілікті мұражайларға тапсырылды

  • 406
  • UPD: 21:00, 21.02.2019

Торғай даласынан табылған тарихи бұйымдар жергілікті мұражайларға тапсырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, жәдігерлер сонау сақ, сармат дәуіріне тиесілі. Енді ежелгі бұйымдар музей сөрелеріне қойылып, өскелең ұрпақтың өз тарихын тереңірек түсінуіне мүмкіндік береді.

Торғай топырағы – талай тарих пен өркениеттің куәсі. Оны Қараторғай ауылы маңындағы «Саба» жерлеу ғұрыптық кешенінен табылған жәдігерлер дәлелдейді. 2017 жылы археологтар бұл маңнан қоладан құйылған 150 дана жебенің ұшы, қанжар, қыш ыдыстар және өзге де ірілі ұсақты заттар табады. Тыңғылықты зерттеу барысында жәдігерлер шамамен 2600 жыл бұрын қолданылды деген болжам жасалды.

Сахан Төленов, А.Иманов атындағы мемориалдық мұражайдың директоры:

– 2016 жылы бұл кісілер бізге Сармат дәуірінен қалған жәдігерлерді тапсырған болатын. Ал бүгінгі тапсырып жатқан жәдігерлер сақ дәуірінен. Тарихымызды тануда, өткенімізді білуде мұндай жәдігерлердің жалпы халық үшін маңызы зор деп есептеймін.

Археолог Ақан Оңғарұылының айтуынша, Торғай өңірі аз зерттелген аймаққа жатады. Сондықтан 2018 жылы қазба жұмыстарын қайта жалғастырған. Оған Арқалықтағы педагогикалық институтының студенттері де қызығушылық танып, қолғабыс етіпті. Еңбектері зая кетпеді. Обаларды зерттеу барысында салмағы 33 грамм болаты алтын сырға мен қола айна тапқан.

Ақан Оңғарұлы, ҚР ұлттық мұражайы «Халық қазынасы» ҒЗИ басшысы:

– Археологиялық жағынан Торғай өңірі енді ғана зерттеліп келе жатыр. Дегенмен де үлкен өркенитетердің бар екені анық. Бір ғана мысал, 2018 жылы зерттеулер барысында біз тапқан алтын сырға. Торғай өңірі сақтар мен сарматтардың арасындағы үлкен байланыс өңірі екені анық. Сырғаның мысалында сарматтардың да өнерінің мысалы бар. Сонымен қатар арнайы сақтардың да стилі бар.

Ал тарихи жәдігерлердің жергілікті мұражайға табысталуына «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі Сапар Ысқақов бастамашы болды. Себебі Торғай өңірінде қазба жұмыстарын жүргізуге тікелей қолдау көрсеткен.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі:

– Осыдан үш жыл бұрын Торғай өңірінде біз қазба жұмыстарын бастағанбыз. Одан төрт қорған табылды. Соның үшеуінен жақсы жәдігерлер табылды. Ол осында келетін адамдарға, оқушыларға өзінің тарихын білуге өнеге болуы тиіс.

Шөптібай Байділдин, өлкетанушы:

– Қараторғай совхозына жетпей, 5 шақырым жерде сармат дәуіріндегі обаны қаздырды. 2-3 мың жыл бұрын жасалған сырға – Торғай елінде, осы аймақта өнердің, мәдениеттің, өркениеттің дамығанын көрсететін жәдігер.

Табылған жәдігерлерге қарағанда, бұл жерге батыр немесе сол замандағы ықпалды адам жерленген. Бірақ қазба жұмыстары барысында адам сүйектері толық табылмады. Осыған қарап, археологтар обалар ертеректе тоналған болуы мүмкін деген болжам айтып отыр. Дегенмен Торғай өлкесін зерттеуді жандандыратын болса, ғылымға белгісіз талай тың дүниенің табылатынына сенімді.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Самат Бекбатыров

Хабар 24 телеарнасы