378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шетелдердегі қазақ диаспорасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасына атсалысуда

  • 317
  • UPD: 15:23, 24.02.2019

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шетелде тұратын қандастарымыз үшін де маңызды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Түбі бір тарихымыз бен еліміздің киелі жерлері әлемнің көптеген елдерінде тұратын қазақ диспорасын қызықтырады. Ұлы даланың тарихы мен халқымыздың салт-дәстүрі де шетелдік туристерді тартуға таптырмайтын мүмкіндік.

Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы жобасы аясында қолға алынған Өлкетанушылар форумына қатысқан меймандарға «Батыс жауһарлары» атты көрме ұсынылды. Мұнда көпшілікке Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарындағы көне жәдігерлер паш етілді. Келелі жиынға Германия, Венгрия, Өзбекстан, Ресей Федерациясында тұратын қандастарымыз да қатысты. Олар тарихи отанындағы әр жаңалыққа баса мән береді.     

Сәрсенғали Құспанов, Қазақ ұлттық-мәдени орталығының президенті, /РФ Санкт-Петербург/:

- Өзіміз сол жақтағы студенттер бар, курсанттар бар, өзіміз тұрып жатқан жердегі қазақ жастары бар, соларды жинап бас консулды шақырып, өзара пікір алмастық.

Венгрияда тұратын қандасымыз Оңайша Мандоки: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы түбі бір күллі түркі мемлекеттеріне жаңа ой салды», – дейді.

Оңайша Мандоки, «Барыс» Венгрия-Қазақстан мәдени қорының төрайымы /Венгрия/:

- «Рухани жаңғыруда» жалғыз Қазақстанның азаматтары емес, бүкіл түркі халқы бұған қазір қосылып қуанып, бүкіл түркі халқы жаңғырып жатыр. Елбасымыздың мақаласын, жазған жұмыстарын оқыдық. Бұған қазақ диаспорасы ғана қатысып қоймайды, оған сол мажарлар да қатысып, өздері рухани жаңғыруларын жасап жатыр. Соның ішінде қыпшақ халқын білесіз, қыпшақтар біздің тікелей туғанымыз, біздің бауырымыз болып есептеледі.

Шетелде тұратын қандастырымыздың айтуынша, ұлы дала төсіндегі қазақ елінің тарихы мен мәдени мұрасы, салт-дәстүрі Еуропа және Батыс жұртшылығы үшін қатты қызығушылық туғызады.

Сүлеймен Шадкам, Мюнхень қазақ қауымдастығының мүшесі /Германия/:

- Шетелдегі ағайындардың көбі жат елде туып-өскендіктен, елдің жәдігерлік әсерлерінен хабарсыз. Сол байланыс бүгін жалғасып отыр. Бұл үлкен бір көпірдің құрылуына үлесін қосты. Біздің даланың қасиетті тарихы Батыс үшін өте қызықты. Қазақтың өмірбаяны, көшпенді халық болғаннан кейін, ол жақта экзотикалық бір әсер алып келем деген адамдардың саны қазір көбейіп жатыр. 

Сырттағы қазақ диаспорасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы секілді ұлттық құндылықтарды дәріптейтін жобалар жалғасса екен дейді. Өйткені олар елдеріне барған соң сондағы қандастырымызға насихаттап, жүзеге асырмақ ниетте. Сонымен қатар мәдени жобалар сыртқы туризмнің дамуына серпін берді.    

Авторлары: Бекен Әлирахым, Темірлан Сұлтанғазы, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы