378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Хабар» арнасы «Жұлдызды жекпе-жек» жобасының III маусымын көрермен назарына ұсынады

  • 420
  • UPD: 18:22, 27.02.2019

Көпшілік көрерменнің көңілінен шыққан «Жұлдызды жекпе-жек» жобасының үшінші маусымы эфирге шығады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алғашқы бағдарламасы 3 наурызда «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі.

Жаңа маусымның жаңалығы көп. Ең негізгісінен бастасақ, жекпе-жекте жеңіп шыққан әнші бұрын шетелге саяхаттауға мүмкіндік алса, биыл темір тұлпарды тақымына байлайды. Қорытынды сынға жету де оңай емес. Себебі биыл ұйымдастырушылар қатысушылардың танымалдығына емес, ерекше дарынына басымдық беріпті.

Гүлнұр Мамасарипова, «Жұлдызды жекпе-жек» жобасының бас продюсері:

– Өзінің вокалдық қабілетімен жұртты, елді таңғалдырып жүрген әншілерді жинадық. Және де, бұрын көпшілік тани білмейтін әншілерді де шақырып отырмыз. Сосын көптен бері халықтың ортасында орындалмай кеткен әндер «Жұлдызды жекпе-жекте» айтылып, жаңғырып жатады. «Жұлдызды жекпе-жектің» ең бірінші жетістігі де, миссиясы да сол деп ойлаймын.

Үшінші маусымда жүргізуші тізгінін жобаның бұрынғы жеңімпаздары Қайрат Нұртас пен Ерке Есмахан ұстайды. «Кіл мықтыдан кім мықтыны» анықтайтын қазылар алқасының жаңа маусымнан күтері көп.

Арман Дүйсенов, қазылар алқасының мүшесі:

– «Жекпе-жек» деген атының өзі айтып тұр, бұл – кәдімгі үлкен бәсеке алаңы. Бұл – дода. Қазақ өнерін бүкіл әлемге паш ететін керемет сенсация көреміз деген үмітіміз жоқ емес. Әйтсе де, алдағыны Алла біледі. Себебі кейде біз үміт артып отырған байқауға қатысушыдан гөрі, мүлдем көңілден таса, ешкімге бейтаныс жүрген әншілер, өнерпаздар күтпеген тосынсый сыйлауы мүмкін.

«Жұлдызды жекпе-жектің» жаңа маусымында 12 әнші бақ сынайды. Алғашқы бағдарлама 3 наурызда «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі. Дәстүр бойынша тікелей эфирде өтетін қорытынды сында көрермендер сүйікті әншісіне дауыс бере алады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы