378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістанда Яссауи кесенесінің кірпішін күйдірген пеш орны табылды

  • 295
  • UPD: 23:08, 28.02.2019
Түркістанда Яссауи кесенесінің кірпішін күйдірген пеш орны табылды

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің археологиялық тобы шаһар аумағындағы Қарашық өзенінің бойында қазба жұмыстарын жүргізген болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нәтижесінде ғалымдар XIV ғасырға тән кірпіш күйдіретін және Қарашық-1 қалашығынан антикалық дәуірге жататын түсті металл балқытатын пеш орнын анықтады. Археолог ғалымдар, Қарашық өзені бойындағы кірпіш күйдіруге арналған пештер Яссауи кесенесі салынған кезде пайда болған деген болжам жасауда. «Кесенесінің кірпіштеріне арналған топырақ Саураннан алынып, осы жерде дайындалуы әбден мүмкін», – дейді. Үй орнындай аумаққа зерттеу жүргізген археологтар су кірпішті кептіретін орындардың бетін аша бастады. Бірнеше ғасыр өтсе де от тиіп қызыл түске енген қабырғалар мен бөлмелер сол қалпында сақталған. Ал металл балқытуға арналған пештер III-IV ғасырларға жатады. Ғалымдардың ендігі басты арманы – кесененің ең құнды жәдігері Тайқазанның металын балқытып жасаған пеш орнын анықтау.

Нұрболат Ахметжанов, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры:

- Пешті біз консервациялауға көшетін боламыз. Бұл бір үлкен жаңалық деп ойлаймыз. Өйткені 14 ғасырда Түркістанның төңірегінде осындай темір балқытатын, кірпіш күйдіретін үлкен зауыттардың болғанын осы табылып отырған жәдігер, яғни пештер дәлелдеп отыр.

Хабар 24 телеарнасы