378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Өнер барысы». Отандық өнерпаздар қазақ күресі бойынша өзара мықтыны анықтайды

  • 556
  • UPD: 21:12, 05.03.2019

«Өнер барысы». Еліміздегі спорттық сайыстардың қатары осындай турнирмен толықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді әншілер, әртістер және ақындар да бозкілемге шығып, қазақ күресі бойынша өзара мықтыны анықтайды.

Қайрат Нұртас, Абай Аязбаев, Серік Ибрагимов және Нұрболат Абдуллин секілді бас-аяғы 18 өнер жұлдызы енді әдеттегідей сахна төрінде емес, бозкілем үстінде жолығады. Қазір қатысушылар бар шаруасын қойып, қызу дайындыққа кірісті. Жалпы «Өнер барысын» өткізу туралы идеяны көпшілігі қолдаған. Тіпті қатысуға ниет танытқандар саны 100-ге жуықтапты. Ұйымдастырушылар олардың арасынан күреске қабілеті мен қарымы сай 18-ін таңдап алған. 

Балғымбек Имашев, жоба авторы:

– Осы идеямызды айтқан кезде өнерпаздардың барлығы қолдады. Ешқайсысы жүлде қандай болады деп сұрап жатқан жоқ. Ең бастысы күресті кеңінен насихаттап, өздерінің мықтылығын дәлелдегісі келіп отыр.

Сонымен шешуші сынға жолдама алғандар наурыздың 21-і күні елордада өзара мықтыны анықтайды. Өнер жұлдыздары 75 келіге дейінгі және 75 келіден жоғары салмақ дәрежелері бойынша сынға түседі. «Ережеге қатысты ешқандай жеңілдік жоқ», – дейді ұйымдастырушылар. Яғни еліміздегі қазақ күресі федерациясы бекіткен және кәсіпқой спортшылар сынға түсіп жүрген ереже қолданылады.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

– Кейбір азаматтар белгілі бір жеңілдік бола ма, күреске ұқсас пародия ма деп ойлауы мүмкін. Ондай ойдан ада болуын сұраймыз. Өйткені барлық талап ортақ. Ұлттық құндылықтарды сөз емес, іс жүзінде насихаттау. Оны жасөспірімдердің арасында, ғаламторда насихаттап, кең таратудың бірден-бір тиімді құралы болады деген ойдамыз. Дәл осындай жобалар бізге керек. Сол себептен де «Хабар» агенттігі қолдап отыр.

Бұл жобаға «Хабар» Агенттігі ақпараттық қолдау көрсетіп, турнирді басынан аяғына дейін тікелей эфирде көрсетеді. Осы арқылы ұлттық құндылығымызды кеңінен насихаттап, өскелең ұрпақтың бойына сіңіруге болады дейді мамандар. Бұған қоса, әрине, бұқаралық спорттың дамуына да сеп.

Болат Мажағұлов, қалалық мәдениет және спорт басқармасының басшысы:

– Осы жоба экранға шыққанда, қаншама өскелең ұрпақ тамашалайды. Сол жанкүйерлерді өнер мен спортқа қызықтыра алсақ, біздің де мақсатымыз орындалғаны деуге болады. Егер жастарымыз осы бағытқа бет бұрса, біздің ұлттық күрес өнері де дамиды. Ең бастысы денсаулығымыз мықты болады.

«Өнер барысы» турнирін алдағы жылдары дәстүрлі өткізу жоспары да бар.

Авторлары: Аслан Қаженов, Ержан Рахманбердиев

Хабар 24 телеарнасы