378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандық өнерпаздар Францияның әйгілі сахнасында әлем классикасының туындыларын орындады

  • 288
  • UPD: 23:37, 05.03.2019

Париждегі ең әйгілі сахналардың бірі – Трианон орталығында қазақстандық өнер ұжымы концерт берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақтың бүгінгі маңдайалды өнерпаздарымен қатар студенттеріміз де Кәрі құрлықтағы талғампаз көрерменнің қошеметіне бөленді.

Қазақ ұлттық өнер университеті студенттерінің оқудан кейінгі демалысы кейде осылай өтеді. Париждегі ең әйгілі сахналардың бірі – Трианон орталығында жас дарындарымыз талғампаз көрермендер алдында әлем классикасының күрделі туындыларын орындады.

«Астана операның» бұлбұлы Айзада Капонова, қазақ Моцарты атанған Рахат-Би Абдысагин мен көрермендердің сүйікті баритоны Азат Мәлік сахнаға шығып, көпшіліктің таңдайын қақтырды. Студенттер оркестрінің сүйемелдеуімен скрипканың хас шебері Айман Мусақожаева да өз өнерін көрсетті. Мәдени сапарға жалпы саны 85 студент қатысты.

Айман Мусақожаева, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры:

– Жастарымыз өте дарынды әрі алуан түрлі өнері бар. Сахнаға шығуға үнемі дайын. Біз Жастар жылын Париж, Канн мен Ниццадағы концертерімізбен бастаймыз. Ал осыдан кейін АҚШ, Италия, Германия және Австрияға турне жасаймыз.

Ақбике Алғы, Қазақ ұлттық өнер университетінің колледж студенті:

– Осындай шаралар жастардың өсіп-өркендеуіне үлкен серпін береді. Менің ойымша, әр музыкант үшін сахнаға шығу – зор бақыт.

Жас музыканттар Сен-Санс пен Чайковскийден бастап Россини мен Оффенбахтың туындыларын орындады. Көрермендер әсіресе домбырашылар ансамблінің өнерін жоғары бағалады.

Эльвира Свиридова-Яманиди, «Esplanade» мәдени қауымдастығының директоры:

– Ең алдымен Президент Назарбаев пен оның командасына алғыс айтқым келеді. Олар мәдениетті қаржыландыру керектігін жақсы түсінеді, өйткені өнер – халық қазынасы. Өз елін, өнерін, мәдениетін дәріптеп, дарынды жастарды қолдауда Қазақстаннан асқан ешкім жоқ. 

Париждегі гала-концерт сәтті өтті. Жиналған жұрт өнерпаздарымызға  қошемет көрсетіп, ұзақ уақыт сахнадан жібермей қойған.

Авторлары: Әлия Сыздыкова, Бекхан Тепсаев

Хабар 24 телеарнасы