378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Ел арна» телеарнасы «Гүлмін» фильмін көрермен назарына ұсынады

  • 400
  • UPD: 15:39, 06.03.2019
«Ел арна» телеарнасы «Гүлмін» фильмін көрермен назарына ұсынады

Халықаралық әйелдер күніне орай «Ел Арна» телеарнасы «Гүлмін» қысқаметрлі фильмін түсірді. Туынды 8 наурыз күні сағат 18.00-де көрсетіледі. Картинаның режиссері Батырбек Тайжанов, продюсері Мөлдір Мырзақасымова.

Картинада 8 наурыз қарсаңында жақындарын қуантуға асыққан адамдардың қарбаласы көрсетіледі. «Фильмнің идеясы – махаббат тақырыбы. Біз мұны 8-наурыз халықаралық әйелдер мерекесіне арнадық! Сұлу қыз, әсемдік және оның сезімі.. Сан түрлі қызықты оқиғаларды қамтып, «Гүлмін» атты фильм түсіріп жатырмыз!», - дейді картина режиссері Батырбек Тайжанов.

Оқиға желісі бойынша Еңлік есімді жаны нәзік арудың гүл сататын дүкені бар. Ол сұлулыққа жаны құмар жан. Өнерді бағалайды. Әр кеш сайын гүл шоқтарын алып, театрға барғанды ұнататын Еңлік «Күлбикеш» туралы қойылымдағы ханзаданың бейнесіне ғашық болады. Алайда өмір мен сахнадағы бейне  екі бөлек адам екені анық.

Фильмде басты кейіпкер Еңлікті әнші, актриса Мөлдір Әуелбекова сомдайды. «Бұл романтикалық фильм. Менің кейіпкерім сондай нәзік, мінезі биязы, сабырлы. Бұл менің табиғатыма жақын рөл болды, сондықтан кейіпкерді ойнау қиындық тудырмады. Мен әншімін ғой, сондықтан флорист мамандығы туралы көп білмеймін. Фильм түсіру барысында мамандардың жұмыстарын қарап, есімде сақтап жүрмін. Егер келесі жолы гүлді жинақтау керек болса, әдемілеп жинап беретін сияқтымын», - дейді Мөлдір Әуелбекова.

Ал Еңлік ғашық болған театр актерін Нұрсұлтан Есен сомдайды. «Еңлік менің театрдағы рөліме ғашық. Ол мен сомдайтын ханзаданың мінезі маған ұқсайды деп ойлайды. Алайда мен өмірде мүлде басқа адаммын және өзімнің сүйген адамым бар» - дейді Қ.Қуанышбаев театрының актері Нұрсұлтан Есен.

Сонымен қатар кино барысында көрермендер «Астана Жастар» театрының актері Азамат Есқұловты, белгілі актер Сағаділдә Үсібәлі мен актриса,әнші Салтанат Серкебаеваны, «Хабар» арнасының жаңалықтар бөлімінің жүргізушісі Әнуарбек Жәлелді, сондай-ақ «Ел Арна» телеарнасы жаңа жыл қарсаңында түсірген «Шіркін өмір» фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Айгерім Ардақты және басқаларды көреді. 

Туындының саундтрегі ретінде Мөлдір Әуелбекованың «Гүлмін» әні қолданылған. Фильмнің атауы да осы әнге байланысты қойылған. Ән әйел затының нәзіктігі мен әдемілігін бейнелеп, тыңдаған жүректі әсерлі күйге бөлейді.

«Гүлмін»  Ерхан Алданазаров деген жас композитордың әні, сөзі Санат Туғанбай деген жас ақынның сөзі тамаша өзіме қатты ұнайтын әндердің бірі», - дейді Мөлдір Әуелбекова.

8 наурыз күні сағат 18.00-де «Ел Арна» телеарнасынан «Гүлмін» картинасын тамашалаңыздар!

Хабар 24 телеарнасы