378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мәскеуліктер «Ұлы дала алтынын» тамашалады

  • 256
Мәскеуліктер «Ұлы дала алтынын» тамашалады

Ресейлік заманауи тарих мұражайында ашылған көрме осылай аталады.

Онда Шығыс Қазақстан облысы қорымындағы қазба жұмыстары барысында табылған алтын бұйымдар, қару-жарақтар мен тұрмыстық заттардың мол жиынтығы көпшілік назарына ұсынылды.

«Ұлы дала алтыны» көрмесінің ашылуы Мәскеу қаласының мәдени өміріндегі елеулі оқиға болды. Қазақстандық ғалымдардың бірегей табыстары мамандардың зор қызуғышылығын тудырған. Экспозицияда Берел, Шілікті және Елеке сазы қорғандарында табылған әшекейлер, қару-жарақ пен тұрмыстық заттар бар. Шығыс Қазақстан облысындағы осы обаларды археологтар Берелдегі патшалар алқабы деп атаған. Арасындағы ең ірісі – Бәйгетөбе қорғаны, Қазақстан аумағында табылған ең ежелгі патшалық қорым. Ал Елеке сазы қорғанында жаңа Алтын адам табылған. Әулетті жауынгердің бүкіл киімі ұсақ майда алтын моншақпен, әсем әшекейлермен безендірілген.

Сергей Карпов, ММУ тарих факультетінің президенті:

- Бұл Шығыс Қазақстан аумағын мекендеген халықтардың ежелгі тарихи тамырын, осы мәдениеттің терең эстетикалық негізін көрсететін бірінші дәрежедегі ескерткіштер. Олар адамзаттың бүкіл мәдениетін байытып, тарихи және эстетикалық тұрғыдан үлкен қызуғышылық тудырады.

Берел жылқысының сүйегі салынған сауыттың қайта жөнделуі де мамандарды аса қызықтырған. Сол дәуірдегі жәдігерлердің ұқсас оюы мен өрнектеріне қарап Тарбағатайдан бастап Алтайға дейінгі көшпенділердің ортақ руһани негізі болғанын айта аламыз. Түркі дүниесінің бесігі саналатын бұл аймақтың қазақ тарихы ғана емес, Еуразиядағы өзге халықтар үшін де маңызы зор.

Иманғали Тасмағамбетов, Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі:

- Бұл аса ірі болмағанмен, өте маңызды экспозиция. Еуразия кеңістігі арасында ең әуелі Қазақстан аумағында мыңжылдықтар бойы қалыптасқан, бай тарихи-мәдени мұраны көрсетіп отыр. Шығыс Қазақстан облысындағы Берел қорғандарынан табылған артефактілердің теңдесі жоқ.

«Ұлы дала алтыны» көрмесі 24 наурызға дейін жұмыс істейді. Алайда жұрттың зор қызуғышылығына байланысты ұйымдастырушылар оның мерзімін ұзартуы да мүмкін.

Авторлары: Дана Нұржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы