378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Амал мерекесі халықаралық деңгейде тойланып жатыр

  • 190
  • UPD: 15:17, 14.03.2019
Амал мерекесі халықаралық деңгейде тойланып жатыр

Еліміздің батысында тойланып келген Амал мерекесі биыл алғаш рет халықаралық деңгейде аталып өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Маңғыстаудың ең биік жері – Отпантаудың етегіне еліміздің барлық аймағымен қатар Ресей, Өзбекстан, Түркия, Ноғай мен қырғыз елінен мыңдаған адам жиналды. Биылғы мереке Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына негізделді. 300 атты керуен көші Ақтаудан Отпантауға дейін 140 шақырым жерді жүріп өтті. Ұлтымыздың ұлы тұлғалары, әдет-ғұрпымыз, фольклорымыз бен атқа міну сынды мәдениетіміз осы көштің өн бойынан көрінді. Амал – ескі жыл санау бойынша Жаңа жылдың бастауы. Алыстағы ағайынның көгеннен босаған қозыдай жамыраса көрісетін, тату тірлік пен бірлік табысып, ынтымақ пен ырыс қабысатын күн. Отпантау етегіне 40 шақты киіз үй тігіліп, жыршылар кеші ұйымдастырылды. Қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өткізілді. Аударыспақ, аламан бәйге, қой көтеру мен түйе балуан сияқты ұлттық ойындар той көрігін қыздыра түсті.

Арсланбек Сұлтанбеков, Қарашай-Шеркеш Республикасының халық әртісі:

- Амал мерекесінің сақталуы өте жақсы мәдениет. Дүниедегі түркі халықтары бүгін бір-бірін құттықтап, бір-бірімен табысып, бір-бірімен көрісіп жатыр. Барлық дүниедегі түркі халықтарының ортақ мейрамы. Қазақтың дәстүрін, ұлттық киімдерін көріп бір сүйсініп қалдым. Қазақ елі жасай берсін, көп жетістіктер тілеймін.

Хабар 24 телеарнасы