378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазандағы көрмеге Ұлы дала тарихынан сыр шертетін 208 жәдігер қойылды

  • 102
  • UPD: 09:43, 17.03.2019

Татарстан астанасы Қазан қаласында «Ұлы дала: тарих және мәдениет» атты көрме ашылды.

Тас дәуірінен ХХ ғасырға дейінгі дәуірді қамтитын жәдігерлер ел назарына ұсынылды.

Қазандағы көрме Алтын адамның әлем мұражайларына сапары атты жобаның бір бөлігі. Ол Минск, Мәскеу, Баку, Сиань, Гданьск және Сеул қалаларында көрсетіліп, көпшіліктің көңілінен шықты. Ауқымды жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып отыр.

Алмаз Нуразхан, ҚР Ұлттық мұражай директорының міндетін атқарушы:

- Бұл формат көркем өнерде кішкене өзгерді. Өйткені біздің Елбасымыздың тарапынан шыққан «Ұлы даланың жеті қырына» байланысты жетіге бөлген кезеңдерге бірін кіргіздік.

Көрме әлемдік мәдени құндылықтар негізінде жүзеге асырылуда. Ол біздің ата-бабамыздың адамзат өркениетінің дамуына қосқан үлесін паш етеді. Ұлттық мұражай қорының 208 жәдігері мыңдаған жылдар нәтижесінде қалыптасқан Ұлы дала өркениеті туралы баяндайды.

Зиля Валеева, «Қазан кремлі» мемлекеттік мұражайдың директоры:

- Әлем тарихын түркі әлемі тарихынсыз елестету мүмкін емес. Осы ретте біздің ортақ қасиетті орындарымыз, түрлі кешендер бар екенін айта кеткім келеді.

«Қазан кремлі» – Қазанның ғана емес, бүкіл Ресейдегі ең танымал орындардың бірі. Оның аумағында 9 мұражай және көрме алаңдары бар. Шара аясында қазақстандық ғалымдардың дәрістері де ұйымдастырылды. 

Ирада Аюпова, Татарстан Республикасының мәдениет министрі:

- Көрме біз дамудың қандай сатысында тұрмасақ та түп-тамырымызды есте сақтаудың маңыздылығын көрсетеді. Қазіргі әлем технологиялық тұрғыдан қаншалықты өркендегеніне қарамастан, мына жәдігерлер біздің мұрамыздың шын дәнегі болып қала береді. 

Бірегей көрме 1 айға созылады. Содан кейін Ұлы дала тарихы мен мәдениеті Өзбекстан астанасы Ташкентке сапар шегеді.

Хабар 24 телеарнасы