377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбенің қуыршақ театры ауылдық жерлерді гастрольдік сапармен аралап жүр

  • 136
  • UPD: 18:21, 25.03.2019

Ақтөбедегі «Алақай» мемлекеттік балалар қуыршақ театры мейрам күндері ауыл-ауылды аралап жүр. Өнер ұжымы дайындаған «Наурыз» қойылымы кішкентай көрермендерге арналған.

Осыдан 30 жыл бұрын құрылған қуыршақ театры бастапқыда шағын ғана ұжым болған. Кейін репертуарлары толығып, үлкен театрға айналды. Балдырғандарға қуаныш сыйлаған театр туралы осы өңірдегі тілшіміз Ақсәуле Байменшина тарқатады.

«Наурыз» қойылымында сахнаға  Қыдыр атамен бірге «Жер-ана» шығады. Ақ жаулықты ана бейнесін сомдайтын Гүлнәр Баймағанбетова ұжымға 30 жыл бұрын келген. Театрдың тоқырауы, құлдырауы мен жандануы кезеңдерінің куәгері болған актриса мардымсыз жалақының өзі уақытылы берілмейтін кездерде де өнерді тастап кетпеген. Оның айтуынша, қазір театрдың жағдайы түзелген.

Гүлнәр Баймағанбетова, театр актрисасы:

- Балалардың көңілін табу оңай емес қой. Оның ішінде кішкентай балалардың көңілін табу оңай емес. Өтірікті көрсетсең сенбай қалады. Балаларға наурыз жайлы оқығаннан гөрі көрсетсең түсінікті болады, қызықты болады. Әртүрлі костюмдер, неше түрлі әдемі-әдемі, әртүрлі салт-дәстүрлерді көрсетеміз. Бесік, шынайы бесік емес, былай қарасаңыз қолға ұстаған баламыз да, қуыршақ, қол-аяғы қозғалады. Алыстан қарасаң шынайы бала сияқты.

«Наурыз» қойылымы кішкентай көрермендерге ұнады. Оны байқамау мүмкін емес. Балалар актерлермен бірге билеп, ән салып, асыр салды. Қыдыр ата батасын берді, Жер-ана тәтті дәмдісін үлестірді. Жалпы театр қоржынында 70-тен астам қойылым бар. Ұжым мереке сайын гастрольге шығу дәстүрге айналған.

Қайсар Сәрсенбай, көрермен:

- Маған наурыз ұнады. Би биледік, сосын, ән айттық. Наурыз дегеніміз ол мейрам.

Ұлыстың ұлы күніне арналған қойылым әлі біраз уақыт сахналанады. Қаладағы орталық саябақта да қойылады. Бұдан бөлек қала маңындағы ауылдар мен елді-мекендердің тұрғындары да тамашалай алады.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы