377.73 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


El Arnа жыл соңына дейін қысқаметражды үш фильм түсірмек

  • 163
  • UPD: 23:51, 27.03.2019

Бүгін El Arnа-ға 2 жыл.

Осы уақыт аралығында 100-ден астам отандық және шетелдік көркем фильмдер мен деректі жобалар көрерменге жол тартты, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Арна ұжымы мұнымен шектеліп қана қоймай, былтырдан бастап қысқаметражды фильм түсіруді қолға алды. Жоспарлар да жетерлік.

Осыдан 2 жыл бұрын дәл бүгін, яғни 27 наурызда көрерменге жол тартқан El Arnа бүгінде өз аудиториясын тауып, көпшіліктің көзайымына айналды. Басқаша болуы мүмкін емес еді. Себебі, күн-түн демей қазақ киносының алтын қорына енген туындыларды көрсететін еліміздегі бірден-бір телеарна – El Arnа. Яғни баламасы жоқ. Мұнда тек кәсіби киносыншылардың жоғары бағасына ие болған үздік жобалар ғана көрсетіледі. Соңғы жылдары шетелдік үздік фильмдерді де ұсынып келеді.

Арман Сеитмамыт, El Arna телеарнасының директоры:

- Осы 2 жылдың ішінде El Arnа қазақ киносының жүздеген туындысын көрермен назарына ұсынды. Бұлар «Қазақ фильм» және отандық жеке кино компаниялардың туындылары. Былтырдан бастап біз қазақ киносымен қатар Орталық Азия және түркітілдес мемлекеттердің алтын қорындағы кино туындыларын қазақ тіліне аударып, көрермен назарына ұсындық. Биыл да бұл жалғасын табады. Кезекте қазір түркітілдес мемлекеттердің кинолары және қырғыз мемлекетінің кинолары тұр. 

Ал бүгіннен бастап El Arnа-дан отандық театрлардың спектакльдерін де көре аламыз. Балаларға да базарлық бар. Демалыс күндері мультфильмдерді ұсынып келген арна енді қуыршақ театрының туындыларын да тарту етпек. Жағымды жаңалық мұнымен бітпейді. Арна ұжымы елорда күніне орай жарыққа шығатын қысқаметражды көркем туындының сценарийіне байқау жариялап отыр.

Арман Сеитмамыт, El Arna телеарнасының директоры:

- Бүгін ресми түрде жарияладық. Біздің El Arnа-ның ресми сайтында бар. Барлық әлеуметтік желілерге жарияланады бүгіннен бастап. Қысқаметражды көркемфильмнің сценарийіне байқау. Кім жеңіп шықса, сол сценарий бойынша біз қысқаметражды фильм түсіріп, шілденің 6-сы күні эфирге шығарамыз.

Сценарийді ресми тілде де жазуға болады. Бірақ фильм қазақ тілінде жарыққа шығады. Байқауға өзге елдің азаматтары да қатыса алады. Айтпақшы, El Arnа бұған дейін де 2 түрлі қысқаметражды фильм түсірді. Алғашқысын былтыр Жаңа жыл қарсаңында көрерменге ұсынды. Екіншісі жуырда ғана жарыққа шықты. «Гүлмін» деп аталатын туынды Халықаралық әйелдер күніне арнап түсірілген. 

Мөлдір Мырзақасымова, El Arna телеарнасының продюсері:

- «Гүлмін» кинокартинасын YouTube желісіне салған сәттен бастап көрермендердің соншалықты қызығушылығын тудырады деп күткен жоқпыз. Өйткені біздің телефонымызға хабарласып жатты. 3 күннің ішінде 93 мыңға жуық көрсетілім жинады. Қазақ фильмдегі режиссерлердің өзі хабарласып, «сценарий авторы кім?» деп сұрап жатты. Біздің сценарийдің авторы жоқ, ол – біздің арнаның ұжымы.

Иә, фильмге сценарий жазу үшін арна ұжымы бір үстел басына жиналып, өз ойларын ортаға салады. «Келісіп пішкен тон келте болмайды». Сондықтан болар, El Arnа түсірген фильмдерге көрермендердің  қызығушылығы жоғары. Әрине, бұл қыруар қаражат жұмсап, шетелден актер шақыратын кино емес. Тіпті, ол үшін арнайы бюджет те қарастырылмаған. Туындыға арна қызметкерлері атсалысып, демеушілердің көмегі арқылы түсіреді.

Батырбек Тайжанов, El Arna телеарнасының режиссёрі:

-  Мен бірінші картинаны түсірген кезде екінші режиссер ретінде қатыстым. Ал екінші туындыда қоюшы-режиссердің міндетін атқардым. Аз ғана уақыттың ішінде бұл туынды YouTube-те 200 мың қаралым жинады. Фильмнің кейбір эпизодтарын мен ойлап тапсам, кейбірін біздің директорымыз бен продюсерлеріміз ойластырды. 

Арна ұжымы атқарылған іске тоқмейілсімей, жыл соңына дейін қысқаметражды тағы 3 фильм түсіруге бекініп отыр. Келер жылы толықметражды көркем туындыны жарыққа шығару  жоспарда бар. Айтпақшы, осы уақытқа дейін өз көрерменін тапқан El Arnа атауы енді латын қарпінде жазылады. Телеарнаның безендірілуі де жаңарды.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Ғани Алшынбаев

Хабар 24 телеарнасы