389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Бала дауысы» ұлттық ән байқауының IV маусымы ашылды

  • 470
  • UPD: 21:21, 29.03.2019

Еліміздің дарынды, әнші балалары өздерінің бағын тағы бір мәрте сынауға мүмкіндік алып отыр.

Бүгін «Бала дауысы» ұлттық ән байқауы төртінші маусымын ашты. Конкурстың алғашқы іріктеу кезеңі Алматы қаласынан басталды. 

Алматыда өткен іріктеуде 8 бен 12 жас аралығындағы 600-ден астам жеткіншек қатысты. Бақ сынауға келген баланың да, қолдауға келген ата-ананың да қобалжып тұрғанын байқау қиын емес.

Фатима Абитей, 6-сынып оқушысы:

– Мен байқауға жеңу үшін емес, өзімді сынау үшін келдім.

Ал 10 жастағы Мирастың қазылар алқасының алдынан өз өнеріне көңілі толмай шықты.

Мирас Максимов, 4-сынып оқушысы:

– Мен «Бала дауысына» бірінші рет қатысып тұрмын. Дауысым дұрыс шықпады. Қобалжыдым қатты.

Шешімді танымал әншілер мен музыкалық продюсерлерден құралған қазылар алқасы қабылдайды. Мегополистің үздік жас әншілерін іріктеп, әрі қарай облыстарға жол тартады. 29 наурыз бен 22 мамыр аралығында қазылар алқасы еліміз бойынша 17 ең үздік деген әнші баланы таңдап алады. Бұдан кейін өнерпаздар «Жұлдызды арман үйде» тұрып, Республика сарайында өтетін супер финалда өнер көрсетеді. Ең бастысы «Бала дауысы» ұлттық ән байқауының финалистеріне арнайы авторлық әндер жазылады.

Толғанай Хасен, байқау ұйымдастырушысы:

– Байқаудың биылғы ерекшелігі, концерт бізде мюзикл ретінде қойылады. Және мюзикл ретінде екі күндік концерт болады, балаларды жаңа қырынан көрсетеміз. Тек қана ән айтып қоймайды, яғни актерлік жағынан да дамытуға дайынбыз.

«Вокалдық және актерлік қабілетін көрсеткен дарынды жеткіншек еліміздің таңдаулы білім ордасында оқуға грант ұтып алып, ертегі әлемі Диснейлендке жолдама алады», – дейді, ұйымдастырушылар.

Авторлары: Алуа Маханбет, Нұрдәулет Жақсыбай

Хабар 24 телеарнасы