379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Central Asia's Got Talent» шоуының жүлде қоры қомақты

  • 133
  • UPD: 20:26, 03.04.2019

Орталық Азия таланттарды іздейді. Әлемнің 70 елінде ұйымдастырылған атақты байқау енді біздің аймақта да өтеді. Жобаға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстаннан кез келген дарын иесі қатыса алады.

Бүгіннен бастап байқаудың іріктеу кезеңінде өнер көрсетіп, өз бағыңызды сынап көрсеңіз болады. Айтқандай, жобаның жүлде қоры қомақты. 

Талайды таңдай қақтырып, тіпті Гиннестің рекордтар кітабына енген «Got Talent» жобасы Орталық Азияға да келіп жетті. Нағыз дүлдүлдердің сайысына еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қатысып, бар өнерін көрсете алады. Бастысы бойында елді елең еткізер дарыны болу керек. Жоба 5 кезеңнен тұрады. Алдымен талант иесі байқауға қатысатын 4 мемлекетте іріктеу кезеңінен өтеді. Жүзден жүйрік шыққандарға 3 млн теңге сыйақы бар. Бастысы ақтық сайыста өнер көрсетуге жолдама алады. Одан бөлек әр елден тағы 3 өнерпаз финалда бақ сынайды. Ал бәйгеде топ жарған мықтының мықтысы әлемге танылып қана қоймай, 10 млн теңгені иеленеді.

Серік Акишев, «Central Asia's Got Talent» шоуының бас продюсері:

- Адамдар кез келген жанрда өнер көрсете алады. Мәселен, Оңтүстік Африкада өткен «Got Talent» байқауында әлемдегі  ең жас диджей анықталды. 3 жастағы балаға әкесі музыкалық апаратта 2-3 трек қоюды үйреткен. Бүгінде әлем бойынша ол  жасаған рекордты көпшлік басып озғысы келеді. Бірақ әлі ешкім асып түскен жоқ.

Жобаға қатысу үшін Орталық Азия азаматтары танымал мессенджерлер арқылы экранда көрсетілген номерге хабарлама жолдаса болады. Немесе сайыстың әлеуметтік желілердегі ресми парақшасында өтініш қалдыру керек. Үміткерлерді іріктеп болған соң қыркүйек айында  «Central Asia's Got Talent» шоуының тұсауы кесіледі. Яғни  5 айдан соң. Ал, ақтық бәйге биыл желтоқсан айында ел тәуелсіздігінің қарсаңында өтеді.

Тікелей «Хабар» агенттігінің бастамасымен қолға алынған доданы агенттік құрамындағы арналардан тамашалауға мүмкіндік бар.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Біз тек «Хабар» арнасында бұл жобаны көрсетіп қоймаймыз, «Хабар 24» арнасында жобаның басқа елдерде қалай өтіп жатқандығы, аймақтарда іріктеу кастингінің қалай өтіп жатқандығы жайында қызықты сюжеттер, арнайы репортаждар болады. Қазақ тв телеарнасы арқылы да күнделіктерін беруді жоспарлап отырмыз. Біздің агенттік үшін биылғы жылдағы миең ірі, іргелі жоба болады десек артық айтқандық болмас.

Доданы көрсету құқығын «Хабар» Агенттігінен бөлек,өзге де қатысушы мемлекеттердің  телеарналары иеленді. Бүгін олар әріптестік байланыс орнату жөнінде меморандумға қол қойды.

«Got Talent» жобасын өткізуге  Орталық Азия елдерінің бәріне шақырту жіберілген. Алайда Түрікменстан тарапы жауап қатпаған. Ал өзге мемлекеттер қызығушылық танытты.     

Азиз Умурзаков, ZO'R TV телеарнасының бас продюсері:

- Біздің елімізде  бұрын-соңды мұндай жоба болмаған. Бастысы ешқандай шектеу жоқ. Адамның жас айырмашылығына немесе оның мүгедектігіне қарамайды.  Сондықтан осы дода Орталық Азиядағы ең ауқымды жоба болады деп сенемін.

Қанатбек Құлтаев, КТРК телерадиотарату корпорациясының продюсері:

- Біз осы жобаға қатысып отырғанымызға өте қуаныштымыз. Бұл Қырғыз елінің дарынды азаматтарын танытуға мүмкіндік беретін керемет алаң.

Егер жоба сұранысқа ие болса,  «Хабар» Агенттігі  ТМД немесе Түркі тілдес мемлекеттер арасында да осындай сайыс өткізуді жоспарлап отыр. Әрине бұл болашақтың еншісінде. 

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы