388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық суретшінің туындылары әлемдік жәрмеңкеге қойылды

  • 829
  • UPD: 23:40, 05.04.2019

Парижде заманауи өнер туындыларының ең ірі жәрмеңкесі ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Мұнда коллекционерлерге 20 елдің 150 галереясы өз суретшілерінің туындыларын ұсынып отыр. Гран Паледе қазақстандық әуесқой суретшінің де еңбектері бар. 

Санжар Жұбанов әлі күнге дейін таңқалуда. Ұзақ уақыт туыстары суреттерін жұртқа көрсетуге оны көндіре алмай жүрген. Ақыры тілін алып, осыдан бірнеше ай бұрын туындыларын Алматыда көрмеге шығарған болатын. Олар француз дипломатының көзіне түсіп, ол отанына оралғанда таныс галериске фотоға түсірген суреттерін көрсетіпті. Кәсіпқой маман бірден қызуғышылық танытып, Санжарды Париждегі заманауи өнер жәрмеңкесіне қатысуға шақырған.

Фредерик Муазан, галерист:

- Оның еңбегі маған үлкен әсер етті. Жалпы менің галереям дәстүрлі өнер, примитивизмге бағытталған. Елдердің өзіндік технологиялары мен салттарын көрсететін туындыларды іздеп жүремін. Өзінің мистикалық, поэзиялық шығармаларымен елінің тарихын баяндайтын осы қазақстандық суретші талғамыма дәл келді.

Әсіресе суретшіміздің графикасы мен тастарда ойылған петроглифтері кәсіпқой маманды таңқалдырған. Санжар Жұбанов осы ежелгі өнерді нақты нұсқаларға қарап жаңғыртып жүр және осыдан мыңдаған жыл бұрын өмір сүрген ата-бабаларымыздың  әдістерін қолданады.

Санжар Жұбанов, суретші:

- Бұл өнерім кәсіпқой галеристер мен өнер қайраткерлерін таң қалдырып, үлкен әсер ететінін байқадым. Өзім мұны нағыз рухани жаңғыру деп білемін, бұл дала рухының, аруақтарымыздың жаңғырығы. Осыны ішімде сезіп, бейнелей алатыныма ризамын.

Биыл «Арт Пари» көрмесінің ұйымдастырушылары Латын Америкасының өнеріне ерекше көңіл бөлген. Елдер мен халықтар дара өнеріне бағытталған үрдіске сәйкес галеристер кең жұртшылыққа жаңа есімдер ашып жүр. Бұл Қазақстанның заманауи өнерін әлемге танытудың жақсы мүмкіндігі. Ең қызығы, осы жолда алғашқы қадамды әуесқой суретшіміз жасаған.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Бекхан Тепсаев

Хабар 24 телеарнасы