389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматылық дизайнердің киімдеріне шетелде де сұраныс жоғары

  • 518
  • UPD: 13:48, 07.04.2019

Алматылық дизайнер Мая Жұманбекова осыдан 10 жыл бұрын алғаш рет балалар киімінің қазақстандық брендін қалыптастырды.

Қазір ол жұмыс істейтін компанияның өнімдері еліміздің нарығында ғана емес, шетелдік тұтынушылар арасында да жақсы танымал. Жақында дизайнер «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енді. Сапалы және ыңғайлы балалар киімдерін жасағаны үшін тұтынушылар дизайнерге қолдау білдірген.

Балалар киімін тігетін компанияның арт-директоры Мая Жұманбекова дүкенге келушілерді өзі сатушы сияқты қарсы алады. Себебі, ол үшін тұтынушылардың пікірі маңызды. «Мұндай қарым қатынас жаңа топтамаларды жасап шығаруға ой салады», – дейді дизайнер. Ол жылына 1000-ға жуық жаңа үлгідегі киімді талғампаз тұтыншының назарына ұсынады. Бұл жерден «іскер ханшайымның» да, кішкентай сәнқойдың да киімін табуға болады. Шағын ғана балалар әлемі ересектердің сән индустриясынан кем емес.

Мая Жұманбекова, дизайнер:

- Біз балалар киімін тігетіндіктен, олардың өзімен жиі қарым-қатынас жасаймыз. Өлшем алуға, суретке түсуге шақырамыз. Олармен әңгімелесе жүріп, қандай кейіпкерге ұқсағысы келетінін сұраймыз. Сән әлемі бір орында тұрмайды. Киім арқылы біз балалардың талғамын қалыптастырамыз, олардың дамуына әсер етеміз. Біздің әр коллекциямыздың өз тарихы бар. Мәселен, көктем-жаз маусымын «Марокко» топтамасымен аштық.

Маяның тігін әлеміне қызығушылығы бала кезде басталған. Әжесі екеуі қуыршақтарына киім тігіп, кейде анасының тігін фабрикасындағы жұмысына бірге баратын. Маяның бала кездегі қызығушылығы үлкен шығармашылыққа жол ашты. Жоғары оқу орнын бітірген ол фабрикаға жұмысқа орналасады. Сонда жүріп, әріптесінің өмірге келген сәбиіне киім тігіп, жаңа істің негізін қалайды.

Мая Жұманбекова, компанияның бас дизайнері:

- Біз бәріміз жаңа туған сәби арқылы балалар әлеміне еніп кеттік. Балалар киімінің үлгілерін жасай бастадық. Сол кездері расында сапалы, ыңғайлы балалар киімі жоқтың қасы еді. Сондықтан неге отандық балалар киімін шығармасқа деген ой келіп, жоспарымызды жүзеге асыра бастадық. 

Маяның киімдерге салған суреттері көздің жауын алады. Оны киген балалар да қуанышын жасыра алмайды. «Бұл шығармашылыққа шабыт береді», – дейді танымал дизайнер.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Алма Оразбаева, Нұрдәулет Жақсыбаев

Хабар 24 телеарнасы