377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұр-Сұлтанда «Балуан Шолақ» фильмінің тұсаукесері өтті

  • 108
  • UPD: 10:35, 12.04.2019
Нұр-Сұлтанда «Балуан Шолақ» фильмінің тұсаукесері өтті

Елордада тұсауы кесілген «Балуан Шолақ» фильмі жауырыны жерге тимеген қара күштің иесі Нұрмағанбет Баймырзаұлының елі үшін жасаған ерліктерін баяндайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көркем туындыны Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасы бойынша «Қазақфильм» киностудиясы түсірген.

Нұрмағанбет Баймырзаұлын қазақ жұрты жауырыны жерге тимеген қара күштің иесі һәм халық композиторы деп таниды. Көпшілікке Балуан Шолақ деген атпен белгілі. Бұдан бөлек, спорт әрі өнер саңлағы елі үшін жанын да, барын да аямай күрескен патриот азамат болды. Кинокартинаның авторлары бұл туындыда батырдың осы қырын көрсетуді мақсат тұтты.

Дулат Исабеков, сценарий авторы, жазушы:

– Балуан Шолақ тек қара күштің иесі, композитор ғана емес, елін сүйетін, басын бәйгеге тіге алған адам. Кино тілімен қайтадан жазып шықтық. Орыс тіліне де өзім аудардым.

Бұл – Балуан Шолақ туралы түсірілген тұңғыш кинокартина. Режиссер Нұргелді Садығұлов фильмнің басты кейіпкерін сомдауды Еркебұлан Дайыровқа сеніп тапсырды. Актер осы рөл үшін 15 келі салмақ қосқан.

Еркебұлан Дайыров, актёр:

– Маған қиын болған тұсы – сыртқы фактурасы. Ол кісінің күші. Соны көркемдікпен көрсету. Күніне 7-8 рет тамақ ішу. Аптасына 6 рет жаттығу залында екі-үш сағаттан. Өмірімде көтермеген ауыр салмақтарды көтердім. Соның бәрі дәрігерлер мен бапкердің қатаң қадағалауымен жасалды.

Бұл туынды Нұрмағанбет Баймырзаұлы туралы тек автобиографиялық фильм болып қалмас үшін авторлар тарихи деректерді ақтара отырып, картинаға ерекше көркемдік мән беруге тырысты.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

– Мұның бәрі әрине біздің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында болып жатыр. Біз қазақтың тарихын кеңінен көрсетуіміз керек. Мақтанышпен айтуымыз керек. Бұл фильм – шынайы, тарихи деректерден алынған нағыз туынды.

«Балуан Шолақ» көрермендерге келесі аптада жол тартады. Көркемфильм кинотеатрлардан сәуірдің 18-інен бастап көрсетіледі.

Авторлары: Ж.Біркенов және Ө.Ізімов

Хабар 24 телеарнасы