379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атыраудағы көрмеге XIX-XX ғғ. қазақтардың ұлттық киімдері қойылды

  • 94
  • UPD: 10:48, 14.04.2019

Атырауда қазақтың ұлттық киімдер көрмесі ашылды. Онда 19-20 ғасырларда батыс өңірдегі қазақтар киген киімдер қойылды.

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі ұзақ жылдар бойы ел ішіндегі ісмерлермен берік байланыс орнатып, қомақты қор жинаған. Сондай-ақ көрмеде тарихи оқиғалар мен тұлғаларға қатысты сирек кездесетін жәдігерлер де бар. Ұлттық киімдер көрмесін тамашалаған тілшіміздің материалы.

Әртүрлі асыл тастармен көмкерілген әйелдер бас киімі, мойнынан етегіне дейін зерленген ұштап көйлектер мен қайырма жағалы барқыт камзолдар. Бұл бүгінгі көрменің көз тартар жауһарлары. Қашан да қыз баланы құрметті қонағындай күткен қазақ қолындағы барын перзентінен аямаған.

Ләззат Салықова, облыстық тарихи-өлкетану музейі қорының меңгерушісі:

- Қалыңдықтың басты киімі, бұл-сәукеле. Сәукеле-екі сүйемнен жоғары болады. және оның міндетті түрде желегі мен үкісі болады. Камзолдың өңіріндегі өрнектері үлкен оюлармен өрнектелсе, ала етек жағы көбіне өсімдік кейіптес өрнектермен өрнектеледі. Өйткені өсіп-өнсін, өркенді болсын деген мағынаны білдіреді.

Жалпы музей қорында 60-тан астам ұлттық киім үлгісі жинақталған. Олардың тұрмысқа қажеттілігі мен тұтынушының жасына қарай өзіндік ерекшеліктері бар. Сондай-ақ музейдегі жәдігерлер белгілі тарихи оқиғалар мен тұлғалар туралы да сыр шертеді. Соның бірі Бөкей ордасың соңғы билеушісі Жәңгірханның жұбайы Фатима ханымның мына қасабалы сәукелесі мен келісті көйлегі.

Ғалия Назарбекова, экскурсиялық бөлімнің қызметкері:

- 1826 жылы Ресей императоры Бірінші Николайдың таққа отыру салтанатына Жәңгір ханмен ілесіп барған Фатима ханша ерекше киім үлгісімен сол ортаның гүлі болыпты. Сол балда император ханшаны биге де шақырғандығы туралы тарихи дерек бар. 

Ұлттық киімді қадірлеу - биік мәдениеттің көрінісі. Өйткені ол халқымыздың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ғажайып дәстүрі мен ерекше талғамның айғағы. Осыны ескерген музей ұжымы алға қарай осындай көрмені алыс ауылдарға апаруды жоспарлап отыр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы