379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық өнерпаз Арменияда өткен байқауда топ жарды

  • 214
  • UPD: 11:16, 19.04.2019

Арменияда өткен халықаралық байқауда жерлесіміз топ жарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақ ұлттық өнер университетінің шәкірті Лусинэ Макунц бірінші орынға ие болды. Сайысқа Ресей, Армения және Беларусь музыканттары қатысты.

Лусинэ Ференц Лист пен Арно Бабаджанянның әуендерін таңдап, оларды мінсіз орындап шықты. Байқауда жүзден жүйрік атанып, бас жүлдеге ие болды. Ол алғаш жеңісіне 2012 жылы «Балаларға бейбітшілік» фестивалінде қол жеткізіп, атын әлемге паш етті. 14 жасар өнерпаз дарыны мен еңбекқорлығының арқасында ондаған дипломмен марапатталған.

Лусинэ Макунц, Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті:

– Ұстазымның үмітін ақтадым деп ойлаймын. Елімнің абыройын өсіріп, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен қатысқан музыканттар арасында үздік танылдым.

Ереван мемлекеттік консерваториясының профессоры Вагаршак Арутюнян қазақстандық пианисттердің дайындық деңгейін жоғары бағалап отыр. Ал Лусиненің болашағы зор дейді ол. Профессордың айтуынша, Ереван консерваториясында қазақ әуендерін жиі естуге болады. Армян студенттері де үнемі Қазақстандағы байқауларға қатысады.

Вагаршак Арутюнян, Ереван мемлекеттік консерватория профессоры, қазылар алқасының мүшесі:

– Ұстаздары жақсы, керемет еңбек атқарған. Ондаған жылдар бойы қазақстандық әріптестерімен қатынасып жүрмін, расында да Қазақстанда жақсы мектеп қалыптасқан, тамаша ұстаздарыңыз бар. Осы Арно Бабаджанян атындағы дәстүрлі байқауымыздың өтіп жүргеніне бірнеше жыл болды. Соңғы үш-төрт сайыста қазылар алқасында үнемі Қазақстан өкілі болатын.

Ереван жұртшылығын өз өнерімен бағындырған Лусинэ енді басқа халықаралық жарыстарға дайындалып жүр. Арманы – өз өмірін толықтай музыкаға арнап, елінің атын бүкіл әлемге таныту.

Авторлары: Лаура Жүсіпбекова, Тигран Галстян

Хабар 24 телеарнасы