378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Талдықорғанда қазақтың салт-дәстүрін жаһанға дәріптеген ауқымды шара басталды

  • 180
  • UPD: 22:28, 22.04.2019

Талдықорғанда «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениетті ілгерілету» атты I Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатқан шараға Ұлыбритания, Франция, Германия  және ТМД елдерінен мәдениеттанушылар қатысып жатыр. Жиынның мақсаты - қазақтың бай мәдениетін дүние жүзіне паш ету. Жиналғандар өзара пікір алмасып, салт-дәстүрімізбен жақын танысты.

Еуропаның үздік мәдениеттанушылары мен қылқалам шеберлері,  өнер институттардың жетекшілері бүгін Талдықорғанда жиналды. Шетелдіктерге асық ату, алтыбақан тебумен қатар, қолөнер бұйымдарын жасау жолдары көрсетілді. Меймандар қазақ үйдің құрылысымен танысып,  ұлттық тағамдардан ауыз тиді. Этноауылда түйеге міну мүмкіндігі де ұсынылды.  

Гийом Касперский, Францияның Қазақстандағы елшісінің мәдениет индустриясы бойынша кеңесшісі:

- Түйеге бірінші рет отыруым. Ерекше әсер алдым. Осында көрсетілген салт-дәстүрлеріңізге қарап, ұлы өркениет иесі екендеріңізді байқауға болады.

Қазақ халқының салт-дәстүрі ғана емес, ұлттық музыкасының да  өзіндік ерекшелігі бар. Конференцияға қатысушылар Сүйінбай атындағы филармония ұжымының шағын концертін тамашалады. Күмбірлеген күй мен әсем ән тыңдап, саф өнерден сусындады.

Ольга Киселева, Сорбона университетінің профессоры, өнертанушы:

- Қазақстандағы ұлттық өнерден сіздердің дін және философияларыңыз туралы мол мағлұмат алуға болады. Оны насихаттау үшін әлемдік деңгейдегі танымал тұлғалармен байланыс орнату керек. Одан бөлек сіздерде Сиверс алмасы өседі. Соны пайдаланып, адамзат мәдениеті мен тарихы осы жерден басталған деуге негіз бар. 

Жаһандану заманында ұлттық мәдениетке баса назар аударып, сан ғасырлық салт-дәстүрді ұдайы насихаттап отыру қажет. Ал ол үшін ғалымдардың озық үлгісі мен тәжірибесін кеңінен пайдаланған жөн.

Рустам Алпысбаев, Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы:

- Заманауи  High Fest деген Еуропадағы үздік танымал адамдардың концепцияларымен танысу, олардың алгоритмдарын жетілдіру мақсатында неше түрлі форматта кездесулер өтіп жатыр.

Басқосу үш күнге созылады. Конференция қорытындысы бойынша өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылмақ. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы