379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Голливудта шеберлігін шыңдаған жас режиссер фильм түсіруге кіріскен

  • 180
  • UPD: 23:44, 23.04.2019
Голливудта шеберлігін шыңдаған жас режиссер фильм түсіруге кіріскен

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының тағы бір жеңімпазы Айдие Айдарбеков. Ақмола облысының Жақсы деп аталатын ауылынан шыққан жігіт арман қуып Нью-Йорк киноөнер академиясының магистратурасын бітірген.

Америкалық киноөндірістің отаны Голливудта тәжірбие жинақтап келген режиссер, мақсатым отандық киноны әлемдік деңгейге шығару дейді.

Голливуд алаңындағы түсірілімдер, қаптаған камералар мен  көз тартар  декорациялар Айдие Айдарбековтің кино өнері туралы түсінігін мүлдем өзгерткендей. Кинорежиссер болуды бала кезден армандағанымен әйгілі голливуд жұлдыздары  Джонни Депп, Форест Уитакер, Джеймс Франкомен бір алаңда жұмыс жасаймын деп ойламаған едім дейді ол. 

Айдие Айдарбеков, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы:

- Әрине мен үшін мұның барлығы өте қызықты әрі әсерлі болды. Мұнда әркімнің өз жұмысына кәсіби, тыңғылықты дайындықпен келетіні үлкен ой салды. Осы дүниелер мені шабыттандырды және алға жетеледі.

Айдиенің алғашқы мамандығы техникалық ғылымдар магистрі. Бірақ, ол  студент кезінен   роман жазып, кітап шығарады. «Аспаннан түскен періште» деп аталатын кітабының желісі бойынша кино түсіруді мақсат етіп, «Болашақ» бағдарламасы бойынша грантты жеңіп алған. Сөйтіп, ол Лос-Анджелеске жол тартады. Нью-Йорк киноөнер академиясында білім алып, елге оралған соң медиа-жобаларды қолға алыпты. Кино саласы  да қалыс қалған емес.

Айдие Айдарбеков, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы:

- Қазақ киносы қазір қарқынды дамып келеді. Осыдан 2 жыл бұрыңғымен салыстыруға келмейді. Америкада алған білімім мен тәжірбиемді мұнда  дәлелдеуім керек екенін түсіндім. Себебі, қазір бізде де кино саласында бәсеке артқан.

Есімі аңыз бойынша «Құдайлар мекені» деген мағына беретін Айдие қазір толықметражды фильм жасауға кірісіп кетіпті. 100 жаңа есім жобасында көп дауыс жинап, жеңімпаз атанған режиссер алдағы уақытта қазақ көрермендерін жаңа туындыларымен қуантамын деп сендірді.

Авторлары: Алуа Маханбет, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы