378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да «қазақтың Бетховені» өсіп келеді

  • 169
  • UPD: 15:24, 28.04.2019

«Қазақтың Бетховені».

Шығыс Қазақстандағы Риддер қаласында есту қабілеті нашар мектеп оқушысы Санжар Сағандықов бірнеше аспапта еркін ойнайды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. 12 жасар Санжар «музыканың шектеулерге бағынбайтынын» дәлелдеп, талай конкурстардың жеңімпазы атанып келеді. Жас дарын «бір күнімді әуенсіз өткізе алмаймын» деп ағынан жарылды.

Санжар – Риддердегі «Балалар өнер мектебінің» ерекше өнерпазы. Бастапқыда есту қабілеті нашар балаға бұл жердегі ұстаздар аса үлкен үміт артпаған екен. Алайда Санжардың бойындағы талант барлығын мойындатты. Талай додалы байқауларда топ жарып, мектебінің мәртебесін көтерді.

Мария Цих, музыкалық мектептің мұғалімі:

- Тек осы айда біз 3 түрлі байқаудың бас жүлдесін жеңіп қайттық. Олар: халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі сайыстар. Санжардың  өнеріне көрермендер де, қазылар алқасы да ерекше тәнті болды.

Санжардың бір күні музыкасыз өтпейді. Фортепиано мен гитарада күрделі шығармаларды ойнап, оның қыр-сырын меңгеру үшін ол сағаттап уақыт жұмсай алады.

Санжар Сағандықов, жас музыкант:

- Мен музыка үшін ойнау, қыдыру деген сияқты әуестіктерден жеңіл бас тарта аламын. Тіпті жазғы каникул кезінде де ізденіп, дәріс аламын. Музыканың арқасында мен ел танып, жер көріп келемін, жаңа шығармаларды үйренудемін.

Есту қабілетіндегі кемістік Санжардың бойынан 3 жасында байқалыпты. Оған 2,3-дәрежелі нейросенсорлық екіжақты есту мүкістігі диагнозы қойылған. Талай емдеу курстарынан өткенімен, еш нәтиже болмады. Қазір тек арнайы аппарат көмегімен ести алады. Алайда әуен мен саз жүрегінен орын алған Санжарға музыканы сезінуге ешнәрсе де кедергі емес.

Сәния Сағандықова, Санжардың анасы:

- Музыкалық мектепке әкелгенде де, физика-математикалық лицейге барғанда да Санжарға барлығы күдікпен қарағаны рас. Дегенмен екі білім орнының ұстаздары да бізге мүмкіндік берді. Ал ұлым сол үмітті ақтап шықты. Қазір лицейде тек үздік оқиды. Ал музыкадағы жетістігін, міне, көріп тұрсыздар.

Санжар – өз ортасында бәріне қамқорлық көрсетуге әзір тұратын биязы әрі елгезек бала. Қай пәнді болсын, ерекше ынтамен оқиды. Әу бастан қиын пьесаларды ойнауға машықтанған өнерпаздан жерлестері әлі талай жеңіс күтеді.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы