378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ирандағы Тебриз шаһары жалайыр сұлтанатының орталық қаласы болған

  • 220
  • UPD: 15:26, 02.05.2019

«Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы Иранның Тебриз қаласына жетті. Бұл шаһар ХІІ ғасырда қыпшақтар құрған Елдениз мемлекетінің, ал XIV ғасырда жалайыр сұлтанатының орталық қаласы болған.

Сондықтан аймақтың тарихы бабаларымыздан қалған белгі мен ескерткішке бай. Ғылыми экспедиция мүшелері солардың бірқатарын аралап, тың ақпараттар тапты.

Тебриздегі Шадбад Машейха мазарынан Жалайрид мемлекетінің негізін қалаған Хасан Бузург Тадж-ад-Диннің қабірі табылды. Сондай-ақ дәл осы жерде елдің екінші елханы Увейс Жалайыр да жерленген. Ғылыми экспедиция мүшелері бабаларымыз жатқан киелі жерге арнайы келіп, тарихымен танысты. Тарихи деректерге сүйенсек, Хасан Бузург бұл өңірді 1336 мен 1356 жылдардың арасында басқарыпты. Ал оның ұлы Увейс Бірінші 1356-дан 1374 жылға дейін елхан болған. Мемлекет қамқорлығына алынбағандықтан, тарихи кесене қирап жатыр.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

- Аты-жөні, олардың кім екені жазылған тас қираған. Бұрын болған дейді қазір соны біз таба алмадық. Бірақ дәл екеуінің жатқан жерін біз таптық. Қойылған қара тас, құлпы тас, оны да таптық. Егер біздің тарихшылар бұған келетін болса, ал Қазақстанның кәсіпкерлері, бизнесмендері инвестиция жасаймын дейтін болса, мұны үлкен кәдімгі туристік орынға айналдыруға болады. Өйткені бұлар 90 жылға тақау Әзербайжанның, арабтың жерін билеген біздің бабаларымыз. Сондықтан олардың басында үлкен белгі болуы керек.

Бабаларымыздан қалған белгілер Тебриздегі Әзербайжан музейінде де сақталған. Түсті металдан жасалған монеталарда сол кездегі сұлтандардың аты-жөні жазылған.  Ал музей ауласынан қошқар мүйізді құлпытастарды кездестіресіз. Ал мына Иранның Марага қаласындағы қос күмбез қыпшақтардың Елдениз мемлекетінің тұсында тұрғызылған. Алғашқысы шамамен 1168 жылы, ал екінші көк күмбез 1196-1197 жылдары бой көтеріпті. Сондай-ақ бұл шаһарда қыпшақ эмир Шамс ад-Дин Қарасұңқарға арналып салынған кесене де бар. Тарихи деректер бойынша ол Египеттегі мамюлктер арасында өте беделді болған. Сондықтан құрметті Эмирге Каир қаласында да арнайы мешіт пен медресе салынған.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

- Ол әуелде Египеттің мамлюгі болды.  Одан кейін оны Марага қаласына эмир қылып жіберген. Ол кісі осында 1328 жылы қайтқанға дейін Эмир болып тұрды. Қайтқаннан кейін ол кісінің құрметіне осындай үлкен күмбезді салған. Бұл енді біздің бабаларымыздан қалған ескерткіш.  Бұл үш күмбездің үшеуі де қазақстандықтар үшін киелі жер деп есептеледі.

Ал Тебриздің қақпасы саналатын мына арка XIV ғасырда шаһарды жалайырлар басқарған тұста бой көтерген. Жергілікті тарихшылардың айтуынша, әу баста мешіт ғимараты ретінде құрылысы басталғанымен ол түрлі қиындықтарға байланысты қорғаныс қамалы ретінде пайдаланылған. Экспедиция мүшелері Тебризден кейін саяхатын Горган қаласында жалғастырады.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Самат Бекбатыров

Хабар 24 телеарнасы