379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркияның Ардахан қаласының маңында қыпшақтардан қалған көне қамал бар

  • 156
  • UPD: 15:10, 03.05.2019

Түркияға қарасты Ардахан қаласының маңында қыпшақтардан қалған көне қамал бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шамамен ХІ ғасырда тұрғызылған бұл нысанда қыпшақтарға тән көне жәдігерлер жетерлік. Сондықтан бұл қамал бабаларымыздың мекен тұрағы болған деп айтуға толық негіз бар. 

Түркияның шығысындағы Ван қаласы. Тарихы терең шаһар Ван көлінің жағасында орналасқан. Бұл аймақ ерте заманда дешті-қыпшақ даласынан келген бабаларымыздың құтты мекені болған. Ал көл ортасындағы мына арал «Ақтамар» деп аталады.  915-921 жылдары мұнда бой көтерген шіркеудің де атауы – Ақтамар.  Бүгінде осы топонимге  байланысты тарихшылар арасында түрлі пікір қалыптасқан. Бірі оны армиян халқының аңыздарымен байланыстырса, енді бірі қыпшақтан шыққан Ақтемір есімді жігіттің атымен ұштастырады.

Арарат тауының аймағы да бабаларымыздың атымен тығыз байланысты. Бүгінде бұл өңір «Догубаязит» деп аталады. Ал мұндағы музей Шейх Ахмет елханиге арналған. Тарихи деректерге қарағанда, Баязит те Ахмат та Жалаирид мемлекетінің екінші елханы Увэйстің ұлдары. Олар ағасы Хасанның өлімінен кейін осы өңірді өзара бөліп басқарған. Бабаларымыздың бұл аймаққа билік құрғанын бүгінге дейін сақталған жәдігерлерден байқауға болады.

Елбрус Мамедов, түркі мұраларын қорғауға бағытталған кавказ орталығының маманы:

– Бұл аймақта көне заманнан сақталған қошқар мүйізді құлыптастарды жиі кездестіруге болады. Қыпшақ түріктері мен оғыз түріктері Ван көлі, Ығдыр елді мекені, Карс қаласының маңында 6-ғасырдан бастап қоныстанған. 12-ғасырда бұл жерлерге тайпа өкілдерінің екінші толқыны келді. Оны мына қошқар кейпіндегі құлыптастардың жиі кездесуі дәлелдейді. Яғни олар осы аймақта мекендеп, билік құрған.

Музейде ХІ-ХІІ-ХІІІ ғасырларда жасалған жылқы, қой пішініндегі оншақты құлпытас сақталған. Сондай-ақ Ардахан қаласының маңында бабаларымыздан қалған тағы бір қорғаныс қамалы бар екен. Жергілікті жұрт оны «Шайтан қала» деп атайды.

Хасан Тектал, өлкетанушы:

– Қыпшақтар бұл жерлерге келген кезде әлі мұсылман дінін қабылдамаған. Олардың басым бөлігі христиан дінін ұстанған. Сондықтан қамал маңында бірнеше шіркеу салынған. Бірақ олардың барлығында Дешті қапшақ халықтарына тән өрнектерді байқауға болады. Қамалды қыпшақтардың салғаны туралы мәліметтер тарихи деректерде бар. Тау арасында орналасқандықтан, бұл жер аса танымал емес. Егер археологиялық қазба жұмыстары жүргізілсе, талай тың ақпараттың шығатыны анық.

Тау ортасындағы биік шыңның басында орналасқан бұл қамалдың құпиясы бүгінге дейін көпшілікке беймәлім. Тарихшылардың айтуынша, оны 11-ғасырда түрік-қыпшақтарының Арғын атты ханы салдырған. Себебі сол кездерде бұл жердің барлығын біздің бабаларымыз мекендеген. Қамалдың айналасы терең құз. Сондықтан оны ала алмаған жау «шайтан қала» деп атаған. Дегенмен кейбір деректерде бұл жердің аты Абыз қаласы деп аталғаны туралы ақпараттар бар. Тарихи орында бүгінге дейін археологиялық қазба жұмыстары жүргізілмепті. Сондықтан қамалдың құиясы әлі жұмбақ күйде жатыр.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқоджа, Самат Бекбатыр

Хабар 24 телеарнасы