378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Айка» фильмі Еуропаға жол тартты

  • 193
  • UPD: 15:26, 04.05.2019

Өткен жылы 71-ші Канн кинофестивалінде ең үздік актриса болып отандасымыз Самал Еслямова танылған болатын, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Енді, міне, аты шыққан «Айка» фильмі Еуропаның біраз елінде көрсетіліп жатыр. Ал бұл күндері ол Бельгияда прокатқа шыққан. 

Фильмнің тұсаукесері жуырда Брюссельдегі «Cinema Palace» кинотеатрында өткен. Ал бүгін картинаның бас кейіпкерін сомдаған актриса Самал Еслямова жергілікті көрермендермен кездесу үшін келді. Түрлі себеппен фильмді түсіру алты жарым жылға созылып кеткен. Бірде Мәскеуде қар жаумай қалса, кейде қаржы да жетіспеген.

Cамал Еслямова, актриса:

- Әрқашан айтып жүргенім, ол менің ғана жүлдем емес, барлық киноның адамдары, режиссердің де жүлдесі, барлық топтың жүлдесі.

Фильмде екі – қырғыз бен орыс тілдері аралас қолданылған. Жергілікті көрермендер үшін француз бен нидерландша субтитрлер жасалған. Алайда онсыз да Самал Еслямованың шеберлігі арқасында жұрт бар қасіретін жанымен сезгендей болды.

Басель Глор, Брюссель қаласының тұрғыны:

- Бұл фильм маған қатты әсер етті, ауыр жағдайға түскен адамның көңіл-күйін толық ашып берген. Бұл – шекарасы жоқ, қай уақытта да өзекті, бүкіл мәдениеттерге ортақ өнер. Осы қасірет алдында әлсіздігімізді сезіп, кейіпкерге қалай көмектесуге болатынын білмейміз. Бірақ ол күдерін үзбей күреседі. Көп сөз айтылмай, оқиға шектеулі кеңістікте өрбісе де, фильм кейіпкердің бүкіл сезімдерін айқын жеткізді, оны шын жүрегімізбен сездік.

Светлана Попова, Брюссель қаласының тұрғыны:

- Құрбыларымызбен бірге экраннан көрген жағдайларды өз басымыздан өткергендей болдық. Жалпы мигранттар, бөтен елде арқа сүйенер ешкімі жоқ адамдар тақырыбы әрқайсымызға да жақын. Қиындықтарға қарамастан, бәріне шыдаған осы қызға бас игім келеді. Ол баласына жақсы ана болып, өз жолын табатынына сенемін.

Самал Еслямованың болашаққа жоспары көп. Жақында ғана екі казақстандық фильмге түсіп болған ол жақын арада ресейлік және халықаралық екі жобаға қатысуды көздеп отыр.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы