378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Анадолы аймағында бабаларымыздан қандай белгі қалды?

  • 89
  • UPD: 23:38, 08.05.2019

Бүгінгі Түркияның тарихы Дешті Қыпшақ даласынан бастау алады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Сондықтан біздің тарихымыздың да ажырамас бөлігі. Орта ғасырларда даңқты бабаларымыз бұл өлкені мекендеп, мемлекет құрды, қамал салды. Өркениетіне өзінің қолтаңбасын қалдырды. Солардың кейбірі бүгінге дейін сақталған. «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы бірқатарын аралап, тарихымен танысты. Анадолы аймағында бабаларымыздан қандай белгі қалды?

Түркиядағы көне Ани қаласының тарихы сонау бес мыңыншы жылдардан басталады. Алайда тек 10-11-ғасырларда ғана Жібек жолының бойындағы үлкен керуен сарай ретінде таныла бастайды. Сол замандарда қала халқының саны 200 мыңға жуықтаған. Сондықтан оған көз тігіп, бағындыруға таласқандар аз болған жоқ. Солардың ішінде біздің арғы аталарымыз да бар. 1124-1200 жылдары аралығында шаһар қыпшақ Атабектерінің иелігіне өтеді. Ал 14-ғасырдың екінші жартысында Жалайрид мемлекетінің құрамына кірген. Дегенмен базары қызған қаладағы тіршілік 16-ғасырдың соңғы жағында тоқтады. Оған 13-ғасырдың аяғында және 16-ғасырдың бастында болған жойқын зілзала әсер еткен.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

- Осы қалада отырған уақытында біздің бабаларымыз кітап жазды. Бірақ олар армяндардың алфавитімен қыпшақ тілінде жазды. Үлкен жер сілкінісі болғаннан кейін олардың барлығы Қырымға көшті. Одан кейін Украинаға көшті. Ереванда сол кісілердің жазған 3-4 кітабы бар. Ереванда қолжазбалардың жинақтары бар сонда жатыр. Киевтегі ұлттық архивте 23 кітап жатыр. Львов қаласында жатыр және Еуропадағы кейбір қалаларда бар.

Түркиядағы сапар барысында ғылыми экспедиция мүшелері Байбурт қаласына арнай келді. Мұндағы Масат ауылында түркі әлеміне аты мәшһүр Қорқыт атаға арналған кесене бар. Оның бүгінгі күнге жеткен 12 хикаясын жергілікті халық жақсы меңгерген. Ежелгі дастандарда 9-11-ғасырларда оғыз-қыпшақ түріктерінің Сырдария бойында өмір сүргені туралы айтылған.

Қорқыт ата – бүкіл түркі жұртының бабасы. Оғыз түріктері оны Дэдэ Қорқыт деп құрмет тұтады. Әдеби жырлары мен дастандарын дәл осы қорқыт ата атымен байланыстырады. Тіпті атадан балаға мирас болған әңгімелерін мектеп бағдарламасына енгізген. Жергілікті тарихшылардың айтуынша, Қорқыт ата 7-8-ғасырларда өмір сүріп, 9-ғасырда дәл осы жерде бақилық болған. Сондықтан оның басына кесене тұрғызып, жыл сайын шілде айында өнер фестивалін өткізеді. Қорқыт атаның ұрпағы ретінде біз де қабір басына келіп, құран бағыштауды жөн көрдік.

Баба басына зиярат етіп, қайта жолға шықтық. Бағытымыз – тау бөктерінде орналасқан Гюмишхане шаһары. Бұл қала – қыпшақтан шыққан даңқты қолбасшы Қубасардың екінші отаны. Ол Тамара патшайымның тұсында бүкіл Грузия әскеріне әмірін жүргізді. Қартайған шағында қыпшақ тайпаларын ерітіп, осы аймақты мекен еткен. Қазір ұрпақтары тірлік кешіп жатыр.

Әли, Гюмишхане қаласының тұрғыны:

- Түбіміз қыпшақ түркілерден. Ата-бабаларымыз бұл жерлерді бағзы заманнан мекен еткен. 1500 жылдары Осман патшасымен қыпшақтар арасында дау шығып, аталарымыз Балқан жағалауына көшкен. Дегенмен кейін қайта оралдық. Қазір бұл аймақта 15-тен аса қыпшақ ауылы бар. Өзім саясаттанушымын. Оқып жүргенімде қыпшақтардың шығу тегін біраз зерттедім. Қазір мұнда қыпшақ-түріктерінің тарихы мен мәдениетін сақтап, насихаттайтын құрылтай жұмыс істейді. Мен соның құрамындамын.

Алыстағы ағайынмен бауырлық байланысты бекемдеп сапарымызды одан әрі жалғастырдық. Бағытымыз – Трабзон қаласы.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Самат Бекбатыров

Хабар 24 телеарнасы